Атырауда енді көлік кептелегі болмайды
Қаланың үш орталық көшесін қайта жаңғырту және кеңейту жобасы аяқталды. Баймұханов, Владимирский, Тайманов көшелері кеңіп, жүргізушіге де, жолаушыға да жайлы жағдай жасалды. «Атырауинжстрой» ЖШС жол жиектерін орнату, жаяу жүргіншілер жолы мен дренаж науаларын салу, суару құбырларын жүргізу, тұрақтар және оң жақ бағыттағы өтетін жолдар салу, аялдама павильондарын орнату, көше жарығын ауыстыру мен жол белгілерін салу секілді жұмыстарды уақытында және сапалы орындады.
– Жобаны іске асыру жолдарда автомобиль қозғалысының қарқынды өсуімен, сондай-ақ көлік санының көбеюінен туындады. Үнемі көлік кептелісі болатын, қозғалыс кезінде қолайсыздықтар туындайтын көшелердегі қозғалысты жеңілдету үшін жолақтарды ұлғайту жүргізілді, – дейді Атырау қаласы əкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев.
Бір атап өтерлігі, жол құрылысы кезінде жергілікті асфальтбетон зауытының өнімі қолданылған. Бұрынғы дренаж науалары сақталып, жаңалары салынды. Жауын-шашын суы мен еріген судың ағып кетуі үшін жолдарды бойлай жиырма текше метр жерасты сыйымдылығы орнатылды. Жөнделген көшелердің бойында жаңа тұрақ алаңдары салынды. Қазір жоба аясында 23 аялдама павильондарын орнату және көше жарығын ауыстыру жұмысы жүріп жатыр.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ