Атырауда балық шаруашылығы басқармасының басшысы тағайындалды

0

— Атырау облысы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары экономиканы диверсификациялау бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Дәстүрлі мұнай саласымен қатар ауыл шаруашылығын,  туризмді  дамытуға көңіл бөлінуде. Жаңа мекемелер ашылып жатыр, — деді Нұрлан Ноғаев.  —  Балық саласын дамыту да әркез назарда. Сондықтан балық шаруашылығы басқармасын құру туралы шешім қабылданды.

Облыс әкімінің шешімімен құрылым басшысы лауазымына  Артур Сәдібекұлы тағайындалды.

Артур Сәдібекұлы еңбек жолын 2002 жылы Құрманғазы ауданы Байда селолық округінің бас маманы қызметінен бастаған. Селолық округ әкімі,  Құрманғазы аудандық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.  2013 жылы Атырау облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-тексеру және ақпараттық сараптама бөлімінің бас маманы болып тағайындалды. 2016 жылы Атырау облысы әкімі аппараты мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімі басшысы лауазымын атқарды.

Аймақ басшысы облыс активіне жаңа басқарма басшысын таныстырып,  мемлекеттік қызмет құрылымындағы жұмыс тәжірибесі мен біліктілігін атап өтті.

– Сіздің тәжірибеңіз бен біліміңіз өзіңізге де, ұжымыңызға да алдарыңызға қойылған міндеттерді атқаруға септігін тигізеріне сенеміз. Бұл бағытта көп  жұмыс істеу керек. Аймақтың балық саласындағы бұрынғы даңқын қалпына келтіру керек. Бүгінде балық аулаумен және өңдеумен айналысатын 17 табиғат пайдаланушы,  2 бекіре зауыты бар. Міндет  –  балық өнімдерін шығару көлемін көбейту. Балық шаруашылығын дамыту жаңа басқарма жұмысының басым бағыты болуы тиіс,  — деді Нұрлан Ноғаев.

 Артур Сәдібекұлы өз кезегінде облыс әкімі мен жиынға қатысушыларға алға қойылған міндеттерді сапалы жүзеге асыру үшін барлық тәжірибесі мен қабілетін көрсететінін айтты.