Атырауда 13 мектеп үш ауысыммен оқытады
Бұл Елбасы биылғы Жолдауында атап өткен үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу үшін әлі біраз жұмыс атқарылуы керектігін көрсетеді. «Алдағы екі жылда Атырауда 20 мектеп салу жоспарланып отыр, осылайша үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі, − дейді қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі Фариза Шаңгереева. – Қазір бес мектептің құрылысы жүруде. 8 білім нысаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынады. Жыл соңына дейін екі мектеп пайдалануға беріледі».
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мектептердегі мұғалім тапшылығы жайлы да сөз болды. Аудандарды айтпағанның өзінде, Атырау қаласындағы 57 мектепке қазір 305 мұғалім жетпей отыр. Әсіресе қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі пәні мұғаліміне, математика, физика, тарих, технологиядан дәріс берушілерге сұраныс жоғары.
Бұл проблеманы шешу үшін де атқарылып жатқан шаралар бар. Облыс әкімдігі биыл педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде 300 мектеп түлегіне грант берді. Келісімшарт бойынша грантқа ие болған жастар оқу бітіргеннен кейін облыс аумағындағы білім ордаларында жұмыс істеуге міндетті.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ