Атырау-Орал тас жолында жантүршігерлік жол апаты: 4 адам өлім құшты, 6 адам ауруханада
Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 4 адам қайтыс болды, тағы 6 адам ауруханаға жеткізілді.
БҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 26 ақпанда Ақжайық аймағында болған. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Сағат 03.29-да Атырау-Орал жолының 259-шақырымында Атамекен ауылынан 10 км жерде екі «Тойота Камри» автокөлігі соқтығысты.
Соның салдарынан екі көліктегі 4 жолаушы көз жұмып, алты адам Тайпақ ауылындағы ауруханаға жеткізілді.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің нақтылауынша, ауа райының нашарлауына байланысты аталмыш бағыттағы күре жолды 26 ақпан күнгі сағат 00.00-ден бастап жабу туралы шешім қабылданған болатын. Алайда такси жүргізушісі полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған. Соның салдарынан екі көліктің бетпе-бет түйісуіне жол берген. Оның полиция қызметкерлерінің талабына бағынбағаны жөнінде бейнежазба бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол апатынан алты адамның қаза тапқанын, тірі қалған науқасқа 10 сағат ота жасалғанын, тұрғын үйден екі зейнеткердің мәйіті табылғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда қатты желге байланысты бірнеше жол жабылды.