Атырау облысының тұрғыны иен далада екі күн бойы адасып жүрген

0

Жоғалған ер адам сағат 15.36-да Жарсуат ауылынан 70 шақырым жерде табылды.

Атырау облысының тұрғыны иен далада екі күн бойы адасып жүрген. Жоғалған ер адамды іздестіру жұмыстарына тікұшақ жұмылдырылды, деп хабарлайды «МГ»-ға сілтеме жасаған «ҚазАқпарат» ХАА.

Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдемесі бойынша, 22 қаңтар күні сағат шамамен 14:00-де 50 жастағы ауыл тұрғыны «УАЗ» көлігімен малға шығып, содан үйіне оралмаған.

«Алайда туыстары ер адамның жоғалғаны туралы ТЖД кезекші қызметіне тек 23 қаңтар күні сағат 21:17-де хабарлаған. Іздеу жұмыстары сол күні кешке басталды, бірақ күн батып, қатты бұрқасын болуы салдарынан тоқтатылған», — деп баяндады ТЖД баспасөз қызметінен.

24 қаңтар күні сағат 9:00-де іздеу жұмыстары қайта басталды. Оған ТЖД-нің бес құтқарушысы, бір арнайы техника, Индер АІІБ-нің төрт полиция қызметкері, бортында экипаждың төрт мүшесі және ТЖК-нің «Батыс аймақтық аэромобильді құтқару жасағының» екі қызметкері болған «Қазәуеқұтқару» АҚ-ның «МИ-8МТВ UP-MI844» тікұшағы жұмылдырылды.

Жоғалған ер адам сағат 15.36-да Жарсуат ауылынан 70 шақырым жерде табылды. Оның жағдайы қалыпты деп бағаланды, медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», — деп нақтылады ТЖД баспасөз қызметінен.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/