Атырау облысында Қытай азаматы қайтыс болды

0

Жағдайы күрт нашарлап, есінен танып құлаған ер адам бірден жан тапсырған

Атырау облысында Қытай азаматы қайтыс болды, деп хабарлайды «Ақ Жайык» басылымы.

Басылымның жазуынша, оқиға Қарабатандағы Интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылыс алаңында болған.

21 ақпан күні кешкі уақытта мердігер ұйымның 50 жастағы жұмысшысы өзін нашар сезініп, медициналық пунктке келген. Сол жерде оның қан қысымының жоғарылап кеткені анықталып, медициналық көмек көрсетіледі.

22 ақпан күні таңертең асханаға бара жатқанда аяқ астынан жағдайы тағы күрт нашарлап кеткен ол есінен танып құлап, сол жерде жан тапсырған.

Дәрігерлер ер адамның өлімі ми қан айналымының бұзылуынан болғанын мәлімдеді.

КРI Inc. ЖШС-інің өкілдері де мәйітті ашу барысында өлім себебінің нақтыланғанын, азаматтың өткір ми қан айналымының бұзылысынан көз жұмғанын мәлімдеді.

Компаниядағылар қайтыс болған азаматта дене қызуының көтерілуі, жөтел немесе тамақтың қырнауы сияқты коронавирус белгілері болмағанын атап өтті.