Атырау облысында полицейлер ішінде науқасы бар жедел жәрдем көлігін тоқтатқан (видео)

0

Желіде полицейлердің ішінде науқасы бар жедел жәрдем көлігін тоқтатқан видеосы тарап кетті. Бейнежазба бірден ел арасында қызу талқыға түсті. Желі қолданушылар бұған қатысты өз ойымен бөлісіп, оқиғаның Атырау облысында болғанын жазған.

Ғаламтор кеңістігіне жүктелген видеода тәртіп сақшыларының жол бойында жедел жәрдем көлігін тоқтатып алғаны көрініс тапты. Оқиға медицина қызметкерлері науқасты ауруханаға апара жатқан кезінде орын алса керек.

Әлеуметтік желілерде қызу талқыланған бейнежазбаға қатысты Ішкі істер министрлігі Tengrinews-ке пікір білдіріп, оқиғаның 22-ші желтоқсан күні Атырау облысында болғанын растады.

«Қазіргі таңда оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Азаматтарды алдын ала шешім қабылдап, жарты минуттық видео негізінде полицейлерді сынға алмауға шақырмын. Тексерістің нәтижесін күтіңіздер» , — деді ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев.

Оның айтуынша, егерде жедел жәрдем арнайы сигналдары қосылмай, жол ережесін бұзып жатса, тәртіп сақшылары оны тоқтатуға міндетті.

«Бұл шара салон ішіндегі адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалады. Кей кездері жағдай ушығып жатқанда, науқасты дереу ауруханаға жеткізу амалдары іске асырылады. Тек содан кейін ғана, құжаттар мәселесіне тоқталады» , — деді ол.