Атырау облысында бір апта бұрын жоғалған әкелі-балалы екі адамның денелері табылды

0

 15 сәуір күні Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында 6 сәуір күні жоғалып кеткен әкелі-балалы екі адамның денелері табылды. Олар резеңке қорғаныш костюмдерін киіп, топан су басқан үйлерін тексеруге кеткеннен оралмаған.

Туыстары әкелі-балалының жоғалып кеткенін облыстық төтенше жағдай департаментіне сол күні кешкі сағат алтыға жақын хабарлаған. Іздеу жұмыстары кешке басталды. Көліктері дүкеннің жанынан табылған.

Диана Нұржауова әкесі 48 жастағы Болатбек Ермекбаев пен ағасы 24 жастағы Асылхан Нұржауды іздеу жұмыстары басында баяу жүргенін, кейін өздерінің талап етуімен жанданғанын Азаттық түсірілім тобы Құлсарыда жүргенде айтып берген.

Болатбек Ермекбаевтың денесі жексенбі күні сағат 9 шамасында, ұлының денесі бір жарым шамасында табылды. Олар үйлерінен 1 км қашықтықта табылған. Ұлы 1,5 метр тереңдікте табылған.

“Топырақ басып қалған” дейді департаменттің баспасөз қызметінің өкілі.

Облыстық ТЖД мәләметінше, іздестіру жұмыстарына 40 қызметкер, 6 жүзу құралы, 1 бірлік техника жұмылдырылған.

Атырау облысы ТЖД азаматтарды су тасқыны кезеңінде өте мұқият болуға және қауіпсіздік шараларын сақтауға, тиісті рұқсатсыз үйлер мен эвакуациялау пункттерінен кетпеуге шақырады.

Бұған дейін 7 сәуір күні Құлсары қаласында су басқан үйін тексеруге кеткен екі адам өлі күйде табылған. Ресми ақпаратта екеуі мінген трактор жолдан шығып кетіп аударылғаны айтылған.

Азаттық сөйлескен тұрғындар үйлерінің жарамсыз екенін дәлелдеу үшін аудан әкімдігі фотоесеп сұратқанын айтқан. Бұған дейін шығын есептеп, өтеу үшін қажет екендігі айтылған. Құлсарыда үйдеріне ТЖ қызметкерлері бақылауымен үрлемелі қайықпен барып келетін нүкте белгіленген. Басқа жерлерде тұрғындар рұқсатсыз үйлеріне су кешіп бармау үшін бір полиция мен екі Ұлттық ұлан сарбазынан құралған патруль қойылған. Олардың сөзінше, мұндай патруль бірнеше жерде қадағалап тұр. Патруль «адамдар жоғалды» деген күннен соң шығарылған.

Жалпы қалада одан бөлек «қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрміз» деген полиция патрулі де бар.

9 сәуірде ТЖД құтқарушылары Құлсары қаласы дүкен тұсынан ер адамның денесін тауып, полиция қызметкерлеріне тапсырған. Облыстық полиция департаменті тасқын су Құлсарыдағы моланы да шайып кетіп, бұрын көмілген мәйітті де су бетіне алып шыққанын растады.