Атырау облысында 1720 кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын көтереді

0

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Өңір басшысы «Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру аясында 2018 жылдың 9 айындағы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары» тақырыбында сөз сөйледі.

Атап айтқанда, Нұрлан Ноғаев жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне және мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тарту шараларына тоқталды.

— Атырау облысындағы жұмыссыздық деңгейі биылғы жылдың екінші тоқсанында 4,9% — ды құрады. Жалпы 26 494 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 16 246 – тұрақты және 10 248 — уақытша.  Жұмыспен қамту орталығымен 16 666 адам жұмысқа орналастырылды, қоғамдық жұмыстарға 4 956 адам жіберілді, 411 адам кәсіптік даярлықтан өтті.

— Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру аясында өңірде халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1720 кәсіпорында 42 мың теңге жалақы алатын 10 415 адамның жалақысы ұлғайтылады. Қазіргі уақытта өңірдің 21 кәсіпорнында қызметкерлердің жалақысын арттыру шаралары жүргізілуде. Бұл кәсіпорындарда жалпы алғанда 2 587 адам жұмыс істейді, — деп нақтылады Нұрлан Ноғаев.

Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1166 кәсіпкер 81,4 млрд.теңгеге мемлекеттік қаржылық қолдау шараларымен қамтамасыз етілді. Қаржыландыру 5778 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді, бұл ретте 15 970 жұмыс орны сақталып қалды.