Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары қамауға алынды
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауоваға сот екі ай уақытша тергеу абақтысына қамау туралы бұлтартпау шарасын кесті. Бұл ақпаратты inform.kz ақпарат агенттігіне облыстықтың соттың баспасөз қызметі растаған.
Нұрсәуле Сайлауова «жеке компаниялардың бірінен 5 миллион теңгеден аса (13 мың доллардан көп) сома пара алды» деп күдікке ілінген. Тергеу дерегінше, әкімнің бұрынғы орынбасары бұл қаржыны қаладағы бес мектеп-интернатты жиһазбен қамту келісімін жасау үшін алған.
Сайлауова Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2017 жылдың соңында тағайындалған. 2019 жылы 15 қаңтарда қызметінен босаған. Сол кезде қала әкімдігі «Сайлауова өз еркімен қызметінен кетті» деп хабарлаған.
«Ақ Жайық» газетінің жазуынша, Сайлауова — ірі көлемде қаржы жымқыру бабы бойынша қозғалған істе уақытша тергеу абақтысына қамалған төртінші адам. Басылым «бұған дейін бұл іс бойынша қалалық білім беру басқармасының бұрынғы басшысы Қайырғали Кенжеғалиев, оның орынбасары Роза Қабдолова мен қаладағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың бас есепшісі Назымгүл Мәжитова тергеу абақтысына қамалған» деп жазады.