Атырау әкіміне 57 млн-ға қызметтік пәтер алып бермекші болғандарға қатысты тексеріс басталды — новости Казахстана

0

Атырау қаласының әкіміне де қымбат баспана бұйырмайын деп тұр себебі, мемлекеттік қазынадан 57 миллион теңге қызметтік пәтер алмақшы болғандарға қатысты тексеріс басталған деп хабарлайды КТК арнасы.

Атырау қаласының әкімдігі. Кадр КТК арнасы

Атырау қаласының әкімдігі. Кадр КТК арнасы

Мемлекеттік тапсырыс сайтында жарияланған лотта баспана 5 бөлмелі және аумағы 170 шаршы метрден кем болмауы керек деп көрсетілген екен.

Ақпарат бойынша, элиталық пәтер қараша айында сатып алынуы тиіс болған. Алайда басшыларына қымбат пәтер алып беруге қатты тырысқан әкім аппаратының қызметкерлеріне қатысты қазір тексеріс басталған.

Атырау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Серікжан Ерментаевтың сөзінше, облыстық әкімдік араласып, сатушымен келісім-шартқа қол қоюға жол берілмеген. Ал бөлінген 57 миллион теңге қаланы дамытуға жұмсалмақ.

«Қазіргі кезде жауапты тұлғаларды соншама қымбат пәтер алуға не итермелегенін анықтап жатырмыз. Қызметтік тексеріс нәтижесі бойынша, кінәлілер бұл істері үшін жауап беретін болады», — дейді Серікжан Ерментаев.

Ал шілде айында әкім боп тағайындалған Әлимұхаммед Құттымұратұлының жеке үйі болғандықтан мемлекеттік баспана берілмеуі де мүмкін.

Дереккөз КТК арнасы

Еске сала кетейік, бұған дейін қызметтік пәтерге 50 млн тенге жұмсаған Павлодар әкіміне аймақ басшысы Болат Бақауов сөгіс жарияланған еді.