Атырау әкімдігі 258 млн теңгеге қоқыс жәшігін сатып алды
Атырау қаласында 258 миллион 400 мың теңгеге жағалаулар мен алаңдарды таза ұстауға арналған жаңа қоқыс жәшіктері орнатылуда. Тұрмыстық қалдық, пластмассаға арналған контейнердің ерекшелігі металдан тоқылып, бөтелке пішінінде жасалған. Әзірге олар орталық алаң мен оң жақ жағалауға қойылды.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сүйенсек, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі ақпан айында қалаға 2 мың дана қоқыс жәшігін сатып алу үшін 258 399 680 теңгеге ашық конкурс жариялаған. Конкурста Алматы қаласынан «Евразия СТ» ЖШС жеңімпаз атанған.
Электронды келісімшартта көрсетілгендей, сыйымдылығы 1,1 куб. метр бөтелке пішіндегі қоқыс жәшігінің бір данасы 129 199 теңгені құрайды. Олар Минск қаласындағы «Сантэкс» зауытында жасалған.
Салыстырмалы түрде сыйымдылығы дәл осындай көлемдегі қоқыс жәшіктерін басқа сайттардан бұдан шамамен екі есе арзанға табуға болады. Мүмкін біздің билік осындай ерекше дизайн үшін ақшаны аямай бөлген шығар.