Атбасар колониясындағы азаптау ісі: Прокуратура ақтап алу үкіміне шағым түсірді

0

Прокуратура Атбасар колониясындағы азаптау ісі бойынша алқабилер сотының шешіміне наразылық білдіріп, ақтап алу үкіміне шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“2025 жылғы 12 ақпанда Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің үкімінің негізінде Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің «№1 мекеме» РММ-нің бұрынғы 12 қызметкер ақталды”, – делінген хабарламада.

Атбасар қаласындағы №1 түзеу мекемесінде бұрынғы лауазымды тұлғалары сотталғандарға қатысты азаптау әрекеттерін қолданғаны үшін айыпталған еді.

Алқабилердің үкіміне сәйкес, айыпталушылар кінәсіз деп танылып, Қылмыстық кодекстің 146-бабы 3-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, қылмыс жасаудағы айып бойынша ақталды.

Ақмола облысының прокуратурасы сот актісімен келіспей, 2025 жылы 14 ақпанда апелляциялық өтінішхат енгізді.

Айта кетейік, журналист Вадим Курамшин Facebook желісінде Атбасар қаласындағы қатаң режимдегі түрмеде түсірілген азаптау видеосын жариялаған еді. Видеода колония қызметкері тұтқынмен әңгімелесіп, оның дәретхана тазалаудан не үшін бас тартқанын анықтап сұраған. Сотталушы дәретханадан басқа барлық үй-жайды жууға дайынмын деп жауап берген. Содан кейін формадағы офицерлер тұтқынды құлатып, офицерлердің бірі оны дубинкамен ұрып-соққан.

Артынша ішкі істер министрлігі Атбасарда түрмедегі азаптау видеосына қатысты тергеу басталғанын хабарлады.

Бұған дейін Атбасар түрмесінде Тимур Данебаевты азаптаған 12 қызметкердің сотта ақталып шыққаны туралы жазған едік.