«Атажұрт еріктілерінің» жетекшісі Серікжан Біләш ұсталды

0

«Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті полиция қызметкерлері наурыздың 10-ы күні Алматыдағы қонақ үйден түнгі екі жарым шамасында ұстап алып кеткен. Қазір ол Астана қалалық ішкі істер департаментінде отыр деп хабарлады қоғамдық ұйым өкілі Қайрат Байтолла Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, сенбі, 10 наурызда «Серікжан Біләшті белгісіз біреулердің аңдығаны белгілі болғаннан кейін» әріптестері қаупісіздік мақсатында үйіне емес, қонақ үйге баруға көндірген. Түн жарымда есікті теуіп ашып кірген 10-15 шақты адамның арасында форма кигендері де, қарапайым киіммен жүргендері де болған. Олар Серікжан Біләшті ұстап, дереу ұшақпен Астанаға жеткізген.

«Таңертең Серікжанның өзі бізге хабарласты. Әзербайжан, татар мәдени бірлестіктерінің жиынында сөйлеген сөзін біреулер бұрмалап, полицияға арызданған екен. Сол арыз негізінде ұстаған. Бұл прокуратура санкциясымен сотқа жіберілген дүние емес екен. Баса-көктеп кіріп, халықты қорқытып үркітуге бола ма?» дейді Қайрат Байтолла Азаттық тілшісіне.

Астана қалалық полиция департаменті «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің ұсталғанын растады.

«10 наурызда Астана қалалық полиция департаменті қызметкерлері әлеуметтік және ұлттық арандатуға бағытталған іс-әрекеттерге барды деген күдікпен Серікжан Біләшті ұстады. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне орай басқа жайттар жария етілмейді» делінген полиция мәлімдемесінде.

Ақпан айының басында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Серікжан Біләшті «тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті» деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салған.

«Атажұрт еріктілері» ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келеді.

Азаттық