атаулы күндер, тарихи оқиғалар, танымал тұлғалар
Бұл Григориан күнтізбесінде 164-ші күн. Жыл соңына дейін 201 күн бар.
13 маусымда не болғанын білесіз бе?
Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
13 маусымда қандай қызықты оқиға болды
Бүгін әлемде Халықаралық альбинизм туралы ақпарат тарату күні аталып өтеді. Бұл дата БҰҰ Бас ассамблеясының 2014 жылғы 18 желтоқсандағы қарарымен бекітілген. 2015 жылдан бастап жыл сайын атап өту жайлы шешім қабылданды. Альбинизм – реңсіздік, яғни, организмнің өзіне тән түсінің жоғалуы. Ол рецессивті генге байланысты тұқым қуалайды. «Альбинизм» дертіне шалдыққандарды альбиностар деп айтады. Албинизмнің басты белгісі – адамның терісімен бірге шашы да сүттей ақ, ал көздері үнемі қызарып тұратындықтан өте нашар көреді.
Сондай-ақ, бүгін – Кішігірім саяхат күні. Мерекені қалаған жеріңізде атап өтуге болады, тек бір сәтке айналаңызға көз жүгіртсеңіз болғаны. Барлығы сіздің көзқарасыңызға байланысты. Достарыңызбен бірге саябақта серуендеуге немесе табиғат аясына шығуға кеңес береміз.
Сонымен қатар, бүгін – Түйреуіштің туған күні. Әдетте, үлкендер балаларды тіл-көзден сақтау үшін киімнің жиегіне көрсетпей, түйреуіш тағып қояды. Бұл аксессуардың тарихына үңілсек, түйреуішті біздің дәуірімізге дейінгі үшінші ғасырда ежелгі шумерлер пайдаланған. Біз қолданатын кәдімгі түйреуіш 1825 жылдың 13 маусымында пайда болыпты. Оны америкалық Уолтер Хант ойлап тапқан.
13 маусымда әлемде болған тарихи оқиғалар
1782 жылы Швейцарияда дуагерлік жасағаны үшін Анна Гельди дарға асылды;
1961 жылы Калугада Юрий Гагарин әлемдегі алғашқы космонавтика музейі ғимаратының іргетасын қалады;
2000 жылы Солтүстік және Оңтүстік Корея көшбасшылары алғашқы кездесуін өткізді;
2009 жылы Ирандағы президент сайлауында Ахмадинежад жеңіске жеткеннен кейін Тегеранда жаппай тәртіпсіздік басталды.
13 маусымда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар
1924 жылы Орынборда қазақ ғалымдарының бірінші съезі жұмысын бастады. 18 маусымға дейін созылған бұл жиында қазақ фольклорын жинақтау және зерттеу туралы шешім қабылданды;
1998 жылы Германияда Қазақстан мәдениеті күндері өтті;
2009 жылы Дүниежүзілік банк пен Қазақстан қаржы министрлігі арасында «Батыс-Оңтүстік» автокөлік жолдарын дамыту жобасын іске асыру келісіміне қол қойылды;
2017 жылы Жуалы ауданының Берікқара шатқалы ауданында біздің заманымызға дейінгі II ғасырдан біздің заманымыздың V ғасыры аралығындағы кезеңге тән жерлеу дәстүрлеріне тиесілі таңғажайып материалдар табылды.
13 маусымда туған танымал тұлғалар
1956 жылы кеңестік және армян ауыр атлеті, КСРО төрт дүркін чемпионы (1977, 1979, 1981, 1982), бес дүркін Еуропа чемпионы (1977, 1978, 1980, 1981, 1983), жеті мәрте әлем чемпионы (1977-1981, 1983, 1985), Олимпиада ойындарының жеңімпазы (1980), әлемнің 43 дүркін рекордсмені Юрий Варданян дүниеге келді. КСРО еңбек сіңірген спорт шебері (1977);
1957 жылы кеңестік футбол қақпашысы Ринат Дасаев туды;
1974 жылы кеңестік және ресейлік театр және кино актері Алексей Моисеев өмірге келді. «Возвращение Мухтара» телехикаясында Алексей Самойловтың рөлін сомдаған.
13 маусымда Қазақстанда кім туды
1941 жылы актер, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Кенжеков дүниеге келді;
1947 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, драматург Нұрлан Оразалин өмірге келді;
1953 жылы жазушы, аудармашы Ерлан Сатыбалдиев туды;
1955 жылы композитор, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Балнұр Қыдырбек дүниеге келді;
1993 жылы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, VІІ қысқы Азия ойындарының чемпионы, 28-ші қысқы Универсиада чемпионы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Денис Тен өмірге келді.
Ай күнтізбесі
Ай Сарышаян белгісінде орналасады. Күмәнді шаралар мен айналадағы адамдардың әрекетіне назар аудармаңыз, алға қойған мақсаттарға жетуді ойлаңыз.
sputniknews.kz