атаулы күндер, тарихи оқиғалар, танымал есімдер
Бұл григориан күнтізбесінде 192-ші күн. Жыл соңына дейін 173 күн бар.
11 шілдеде не болғанын білесіз бе?
Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
11 шілдеде қандай қызықты оқиға болды
Бүгін – Бүкіләлемдік шоколад күні. «Тәтті» мерекені алғаш рет 1995 жылы француздар ойлап тапқан. Шоколадты алғаш болып ацтектер жасап үйренді деген болжам бар. Олар оған «құдайлар асы» деген атау берген. Шоколадты Еуропаға алғаш жеткізген испаниялық басқыншылар оны «қара алтын» деп атап, дене күшін нығайту үшін пайдаланған. Кейінірек бұл тәттіні Еуропада тек ақсүйектер жей бастады. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, қара шоколад адамның есте сақтау қабілетін жақсартады. Сонымен қатар, көзі нашар көретін жандарға да септігін тигізеді екен.
Сондай-ақ, бүгін Халықтардың бүкілдүниежүзілік күні аталып өтеді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында адамзат әлем халқының қарқынды өсіп келе жатқанын байқады. Бұл мәселе Біріккен ұлттар ұйымына мүше елдердің алаңдаушылығын туғызды. БҰҰ мәліметінше, 1987 жылы 11 шілдеде Жер шары халқының саны 5 миллиард адамға жуықтаған. Осылайша бұл күн шартты түрде Бес миллиард күні деген атау алды. 1989 жылы БҰҰ халықаралық мереке – жыл сайын 11 шілдеде тойланатын Халықтардың бүкілдүниежүзілік күнін бекітті.
1960 жылдан 1999 жылға дейінгі аралықта әлем халқы екі есеге жуық артып, 1999 жылдың қазанында 6 миллиардқа жетті. 1969-1999 жылдар аралығында халық саны өсімінің қарқыны 2 проценттен 1,3 процентке төмендегенмен, қазіргі таңда абсолютті өсім жылына 77 миллионды құрап отыр. Бұл өсімнің 95 проценті дамып жатқан елдердің үлесіне келеді.
11 шілдеде әлемде болған тарихи оқиғалар
1890 жылы Жапония тарихында алғаш рет саяси сайлау өтті;
1893 жылы жапониялық Кокити Микимото алғаш рет жасанды інжу алды;
1905 жылы Халықаралық спорттық кегли қауымдастығы құрылды;
2010 жылы Испания құрамасы өз тарихында алғаш рет футболдан әлем чемпионатында жеңіске жетті.
11 шілдеде Қазақстанда болған тарихи оқиғалар
1894 жылы алғашқы пойыз Транссібір темір жолы арқылы Петропавл қаласына келіп жетті. Бұл бағытта теміржол қатынасын дамыту өлкенің экономикасы мен мәдениетін көтеру мақсатында қолға алынған болатын;
1977 жылы Қазақ минералдық шикізат ғылыми-зерттеу институты құрылды;
1997 жылы Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы қабылданды
2007 жылы Ақтөбе облысында 11 ауыл мен 2 ауылдық округтің атауы қазақшаланды;
11 шілдеде туған танымал тұлғалар
1934 жылы италиялық сәнгер, Armani сән империясының негізін қалаушы Джорджио Армани дүниеге келді;
1940 жылы кеңестік және ресейлік әнші, актриса Елена Камбурова өмірге келді. Ресейдің халық әртісі (1995);
1954 жылы кеңестік және ресейлік эстрада әншісі Татьяна Анциферова туды.
11 шілдеде Қазақстанда кімдер туды
1858 жылы қазақ ақыны, ойшыл, аудармашы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы дүниеге келді;
1960 жылы Қазақстанның ішкі істер органдарында түрлі лауазымды қызмет атқарған, ІІМ Алматы академиясының бастығы Талғат Құлыбаев өмірге келді;
1968 жылы Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов туды;
1978 жылы қазақстандық суретші, қылқалам шебері Айдар Жамхан дүниеге келді.
Ай күнтізбесі
Ай Сарышаян белгісінде орналасады. Шаруаны ысырып қойып, демалатын уақыт жетті. Бүгін өз бойыңыздағы жаман әдеттерден арылып, өзіңізді одан әрі дамытуға көңіл бөліңіз.
sputniknews.kz