5 мамыр: атаулы күндер, тарихи оқиғалар, танымал есімдер
Бұл григориан күнтізбесінде 125-ші күн. Жыл соңына 240 күн бар.
5 мамырда не болғанын білесіз бе?
Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
5 мамырда қандай қызықты оқиға болды
Бүгін әлем халқы Халықаралық мүгедектер құқығын қорғау күнін атап өтеді. Бұл датаның тарихы 1992 жылдың 5 мамырынан басталады. Дәл осы күні Еуропаның 17 елінде жарымжан жандар бір мезетте мүгедектерді кемсітуге қарсы күрес күнін өткізген еді.
Жыл сайын Оңтүстік Кореяда мемлекеттік мереке – Балалар күні тойланады. Кәріс тілінде бұл мерекенің атауы – «Орини наль». Балалар күні қоғамдық педагог Банг Джонг-Хванның арқасында 1923 жылдан бастап мемлекеттік мейрамға айналды. Джонг-Хванг 1 мамырды Балалар күні етіп бекітуді ұсынған болатын. 1946 жылы мереке күні 5 мамырға ауыстырылып, ал 1975 жылдан бастап демалыс күніне айналды. Бұл күні барлық қала мен ауылдарда мерекелік шаралар, спорт жарыстары өткізіледі. Ұйымдастырушылар балалардың көңілін көтеру үшін барын салады.
Сондай-ақ, бүгін Халықаралық акушер күні. Бұл идея алғаш рет Нидерландыда 1987 жылы Халықаралық акушерлер конфедеарциясының конференциясында айтылған болатын. Мейрам тұрақты түрде 1992 жылдан бастап аталып өтеді. Акушерлердің міндеті – жүкті әйелдер мен жаңа босанған аналарға көмек көрсету. Бұл жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары мамандық.
5 мамырда әлемде болған тарихи оқиғалар
1951 жылы Ұлыбританияда ойынға арналып жасалған алғашқы компьютер көрсетілді;
1956 жылы Токиода дзюдодан бірінші әлем чемпионаты басталды;
1988 жылы Эверест шыңынан алғаш рет телетрансляция жасалды;
2000 жылы «I love you» жаңа компьютерлік вирусынан бір ғана Солтүстік Американың өзінде миллиард доллар шығын келді.
5 мамырда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар
1918 жылы Бүкілқазақ жастарының съезінде «Жас азамат» жастар ұйымы құрылды. Ұйымның мақсаты – қазақ жастарын біріктіру, ұлттық мүддені қорғау;
1925 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы әйелдер бөлімі шығарған «Азат әйел» газеті негізінде «Теңдік» газетінің алғашқы саны жарыққа шықты;
1986 жылы Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мұражайы ашылды;
1995 жылы Жамбыл облысында Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының мұражайы ашылды;
2010 жылы елордаға сонау 1945 жылы Рейхстагқа тігілген Жеңіс туының көшірмесі әкелінді;
2017 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы Еңбекші ауылындағы таулардан шамамен 100-120 жыл бұрын басылып шығарылған жеті ежелгі кітап табылды.
5 мамырда әлемде туған танымал тұлғалар
1940 жылы кеңестік және ресейлік сықақшы, жазушы-сатирик, сценарист, радио және тележүргізуші Лион Измайлов дүниеге келді;
1937 жылы кеңестік театр және кино актері Юрий Назаров өмірге келді (фильмдері: «Земля Санникова», «Андрей Рублев», «Адъютант его превосходительства»);
1966 жылы ресейлік эстрада әншісі Ирина Салтыкова туды;
1988 жылы британиялық әнші, композитор Адель дүниеге келді.
5 мамырда Қазақстанда кімдер туды
1896 жылы әйгілі актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР Халық әртісі Серәлі Қожамқұлов өмірге келді;
1916 жыл Кеңес Одағының Батыры Виталий Королев дүниеге келді;
1920 жылы қазақ жазушысы, ақын Құрманғали Ұябаев туды;
1926 жылы қобызшы, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Фатима Балғаева өмірге келді;
1943 жылы жазушы Серік Әбдірайымұлы дүниеге келді;
1943 жылы жазушы Сейітқазы Досымов туды;
1962 жылы әнші, сазгер, заманауи хит-әндердің авторы Еркеш Шәкеев өмірге келді;
1968 жылы ауыл шаруашығылы министрі Сапархан Омаров дүниеге келді.
Ай күнтізбесі
Ай Торпақ белгісінде орналасады. Бүгін – өзгерістер күні, оның қандай болатыны сіздің қабылдауыңызға байланысты. Келеңсіз жайт бола қалса, бас қатырып, уайымдамаңыз. Барлық мәселе өз-өзінен шешіледі. Айналаңыздағы адамдардың бірі күтпеген жерден қол ұшын созуы мүмкін.
sputniknews.kz