атаулы күндер, тарихи оқиғалар, танымал есімдер

0

Бұл григориан күнтізбесінде 124-ші күн. Жыл соңына дейін 241 күн бар.

4 мамырда не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

         4 мамырда қандай қызықты оқиға болды

Бүгін Жұлдыздар соғысы күні аталып өтеді. Мереке Джордж Лукастың «Жұлдыздар соғысы» қиял-ғажайып сагасынан кейін пайда болған. Бұл күні әдетте көптеген аттрацион саябақтары кинокартинаның ең әсерлі эпизодтары көрініс тапқан тематикалық шаралар ұйымдастырады. Саябақтар Лукастың шығармаларына ғашық жандарға естен кетпес ерекше атмосфера сыйлайды. Бұл күні «Жұлдыздар соғысының» фанаттары басын қосып, фильмнің ұнаған сәттерін бірге талқылап, жұмбаққа толы ғарыш әлемі туралы емен-жарқын әңгімелеседі.

Бүгін – Халықаралық өрт сөндірушілер күні. Кәсіби мереке 1998 жылдың желтоқсанында Австралияда тұтанған алапат орман өртін сөндіру кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін пайда болды. Сол күні тілсіз жау бес өрт сөндірушінің өмірін қиған еді. Мерекенің датасы ретінде өрт сөндірушілердің аспан жебеушісі саналатын Әулие Флорианға құрмет көрсету күні таңдалды. Оның үстіне дәл осы 4 мамырда әлемнің біраз елі өрт сөндірушілердің төл мейрамын атап өтеді.

Сондай-ақ, бүгін жиналмалы қолшатырдың туған күні екен. Қазіргі адамдардың қажетті аксессуарына айналған қолшатырдың тарихы қызық. Ең алғаш қолшатыр ежелгі Қытайда пайда болған деседі, алайда оны тек ауқатты адамдарға ғана ұстауға рұқсат етіпті. Алғашқы қолшатырлар өте ауыр болатын, салмағы шамамен бір жарым келіден басталады екен. Десе де сәннен қалғысы келмейтіндер бар жиған-тергенін берсе де, қолшатырды сатып алатын болған. Жиналмалы қолшатырдың отаны Париж саналады.

         4 мамырда әлемде болған тарихи оқиғалар

1807 жылы Франция мен Парсы елі арасында Ресей мен Британия империясына қарсы бағытталған Финкенштейн келісімшарты бекітілді;

1896 жылы Лондонда Daily Mail газетінің алғашқы нөмірі жарыққа шықты;

1927 жылы АҚШ-та Кино өнері академиясы құрылды, көп ұзамай ол «Оскар» жүлдесін бекітті;

1988 жылы PepsiCo компаниясы Орталық кеңес телевидениесінде жарнама уақытын сатып алған батыстың алғашқы фирмасы атанды.

         4 мамырда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1939 жылы жеті композитор – Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Василий Великанов, Латиф Хамиди, Борис Ерзакович, Сергей Шабельскийдің бастамасымен Қазақстан композиторларының одағы құрылды;

2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында Төле биге ескерткіш орнатылды;

2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осы оқу орнының тарихы туралы жаңа мұражай галереясының бірінші тасын және капсуласын қою рәсімі өтті;

2015 жылы Алматыда Рейхстаг ғимаратына Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

         4 мамырда әлемде туған танымал тұлғалар

1914 жылы «Комсомольцы-добровольцы», «Течет Волга» әндерін жазған кеңестік композитор Марк Фрадкин дүниеге келді.  

1929 жылы британиялық актриса, модель және қоғам қайраткері Одри Хепберн өмірге келді (фильмдері: «Как украсть миллион», «Римские каникулы», «Сабрина», «Моя прекрасная леди»);

1934 жылы кеңестік театр және кино әртісі Татьяна Самойлова туды. «Летят журавли», «Анна Каренина» фильмдерінде ойнаған;

1987 жылы украиналық әнші, «Потап и Настя» дуэтінің солисі Настя Каменских дүниеге келді.

         4 мамырда Қазақстанда кімдер туды

1934 жылы қазақ жазушысы, белгілі сатирик Оспанхан Әубәкіров дүниеге келді;

1937 жылы Қазақстаннның Еңбек Ері, ауыл шаруашылығы өндірісінің ұйымдастырушысы Геннадий Зенченко өмірге келді;

1953 жылы кинооператор, кинематографист Болат Сүлеев туды;

1970 жылы скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нью-Йорктегі джаз қауымдастығының мүшесі Жәмила Серкебаева дүниеге келді.

           Ай күнтізбесі

Ай Торпақ белгісінде орналасады. Бүгін сізге қол ұшын созатындар көп, сондықтан жұмысыңыз жеңілдейді. Дегенмен оларға отбасыңыздың істеріне араласуына жол бермеңіз, мұның арты жақсылыққа апармауы мүмкін.



sputniknews.kz