атаулы күндер, тарихи оқиғалар, танымал есімдер
Бұл – Григориан күнтізбесі бойынша 113-ші күн. Жыл соңына дейін 252 күн бар.
23 сәуірде не болғанын білесіз бе? Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
23 сәуірде қандай қызықты оқиға болды
Бүгін халықаралық қауымдастық Дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау мерекесін тойлайды. Бұл мереке 1995 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның бас конференциясында бекітілді. Қазір барлық өркениетті елдерде кітап жәрмеңкелері, көрмелер мен фестивальдер өткізіледі. Қазақстан республикасының ұлттық кітапханасы — Бүкілдүниежүзілік кітап күнін өткізуді ұйымдастырушылардың бірі.
23 сәуір Түркия республикасының ұлттық мерекесі — Тәуелсіздік күні. Қазақстан Республикасы мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 2 наурызда орнатылды.
Сондай-ақ, бүгін ағылшын тілі күні. Ол алғаш рет 2010 жылы атап өтілді. Ағылшын тілі күні ұлы ағылшын ақыны, жазушы, әлем бойынша атақты драматург Уильям Шекспирдің туған күнімен тұспа-тұс белгіленді. Қазір бірнеше мемлекеттің миллиардтаған адамы ағылшын тілінде сөйлейді. Бұл ағылшындардың ғана емес, сонымен қатар АҚШ, Ирландия, Канада, Мальта, Австралия, Жаңа Зеландия тұрғындарының да тілі. Ол, тіпті Азия мен Африканың кейбір елдерінде де ресми тіл ретінде мойындалған.
23 сәуір Германия неміс сырасы күнін атап өтеді. Осы күні 1516 жылы Бавария билеушісі IV Вильгельм сыра туралы заңға қол қойды. Бұл оқиға тарихта «немістің таза сырасы» деген атпен қалды. Суға арпа жармасы мен құлмақ араластырылып қайнатқанда пайда болатын ішімдік қана таза сыра болып саналған. Бұл заңда сыраны қалай жасау керектігі ғана көрсетіліп қоймай, оны сату тәсілі де белгіленген. Неміс сырасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасы ретінде тіркелген.
23 сәуірде әлемде болған тарихи оқиғалар
1907 жылы Джек Лондон желқайықпен әлемді аралауға саяхатқа шықты;
1935 жылы Польшаның жаңа конституциясы қабылданды;
1956 жылы Лас-Вегаста Элвис Преслидің алғашқы концерті өтті;
1959 жылы Украина журналистері одағы құрылды;
1964 жылы «Мелодия» күйтабақ фирмасының негізі қаланды.
23 сәуірде Қазақстанда болған тарихи оқиғалар
1580 жылы Ташкент билеушісі Баба сұлтан үш жүздің басын қосқан Ақназар (Хақназар) ханды өлтірді;
1957 жылы Қостанай облысындағы Рудный елді-мекені қала мәртебесін алды;
2009 жылы Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев наурыз мейрамын мерекелеу күндерін наурыздың 21-нен 23-не дейін ұлғайтуды және Қазақстан Республикасы күнін атап өтуді алып тастайтын заңға қол қойды;
2010 жылы Талдықорғанда «Дос» атты жастар денсаулық орталығы ашылды;
2012 жылы Қазақстан мен Венгрия дипломатиялық қатынас орнатудың 20 жылдығын атап өтті.
23 сәуірде әлемде дүниеге келген тұлғалар
1804 жылы XIX ғасырдың атақты балеринасы, Италиядағы Тальони балет отбасының мүшесі, балетке пуанта биін енгізген Мария Тальони дүниеге келді;
1928 жылы америкалық актриса, 6 жасында «Оскар» сыйлығын алған ең жас әртіс Ширли Темпл дүниеге келді;
1954 жылы америкалық кинорежиссер, әлеуметтік және саяси сатира жанрында жазатын журналист, жазушы әрі саяси белсенді, «Оскар», «Алтын пальма бұтақтары» сыйлықтарының иегері, капитализмді, ғаламдануды, неолиберализмді, ірі корпорацияларды сынаушы Майкл Мур дүниеге келді;
1988 жылы ресейлік әнші, актриса Юлия Паршута дүниеге келді.
23 сәуірде Қазақстанда кім туды
1918 жылы Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов дүниеге келді;
1950 жылы әнші, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі Шаһимардан Әбілев дүниеге келді;
1956 жылы ақын, филология ғылымының докторы, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, Қазақстан жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Әнуар Тарақ дүниеге келді.
Ай күнтізбесі
Ай Мерген белгісінде орналасады. Бүгін суқаныңыз сүймейтін жұмысты да қолға алып, бар ынтаңызды салып атқарыңыз. Нәтижесі де көп күттірмейді. Бұл күн құжаттарды заңдастыруға, келісімшарттар жасасуға қолайлы. Бұған дейін берген уәдеңізге берік болып, арадағы келісімді бұзбауға тырысыңыз.
sputniknews.kz