атаулы күндер, тарихи оқиғалар, танымал есімдер

0

Бұл — Григориан күнтізбесіндегі 57-ші күн. Жыл соңына дейін 308 күн қалды.

26 ақпанда не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен әйгілі екенін Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

            26 ақпанда қандай қызықты оқиғалар болды

26 ақпанда Халықаралық асықпау күні бекітілген — ірі қала тұрғындарына осы қасиеттің жетіспейтіні рас. Бір қызығы, осы бір ерекше мейрамды тойлауды 2007 жылы қызуқанды әрі екпінді итальян халқы бастапты, қазір әлемнің 90-нан астам елі мен Париж, Лондон және Вашингтон сияқты астаналарда аталып өтеді.

Америка Құрама Штаттарының тұрғындары бүгін Ұлттық пісте күнін атап өтеді. Пістені көбінесе жаңғақ түріне жатқызады, негізінде бұл — сіркеағаштылар тұқымдас бұта жемісінің дәні. Пістенің отаны — Азия, алайда қазір Жер орта теңізі, Солтүстік-шығыс Африка, Орталық және Солтүстік (Техас, Калифорния) Америкада кең таралған. Пісте жаңғағының құнарлығы өте жоғары, 2,5 мың жылдан бері тағамға пайдаланылып келеді. Пістені қуырып та, тұздап та жейді, кондитерлік өнімдерге қосады. Пістенің дәні ой еңбегімен айналысатын адамдарға өте пайдалады, себебі ағзаны әлдендіріп сергітеді. АҚШ әлемдегі ірі пісте өндіруші елдердің ондығына кіреді.

Сонымен қатар, бүгін — Терезе жуушылардың күні. Бұл мерекені үй шаруасындағы әрбір әйел тойлай алады. Бұл күнді атап өтуді америкалық терезе жуушылар қауымдастығы ұсыныпты. Алғашқы терезе жуушылар Америкада зәулім ғимараттар салына бастағанда пайда болды. Биіктен қорықпайтын батыл жандар аспанмен таласқан ғимараттардың терезесі мен қасбетін жууы керек болатын. Мамандық біртіндеп танымал бола бастаған соң, кәсіп иелерінің саны да көбейді, сөйтіп кәсіби мереке де бекітілді. Қазір биік ғимараттардың терезесін жуатын жұмысшыларды өндірістік альпинистер деп атайды. Олар керекті сақтандырғыш бұйымдармен жарақтанған, кез келген сәтте заманауи жуғыш құралдар мен мол тәжірибесін пайдаланып, қызметті орындауға даяр.

            26 ақпанда әлемде болған тарихи оқиғалар

1852 жылы «Биркенхед» британдық әскери кемесі Жақсы Үміт мүйісі жанында батып кетті: 454 адам ажал құшқан;

1917 жылы Нью-Йорктегі «Victor» студиясында алғашқы джаз граммофон табағы жазылды;

1919 жылы АҚШ-тың Аризона штатында Гранд-Каньон ұлттық саябағының негізі қаланды;

1935 жылы өнертапқыш Роберт Уотсон-Уотт өзі ойлап тапқан радар құрылғысын таныстырды.

            26 ақпанда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1993 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттің шекарасы туралы» заң күшіне енді;

1999 жылы ТМД құрамындағы елдер — Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан,Тәжікстан және Ресей Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы келісімге қол қойды;

2005 жылы Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің ескерткіш барельефін ашты;

2010 жылы Қазақстанда энергетика, электротехника және автоматтандырылған жүйелерге техникалық қызмет көрсету мамандарын даярлайтын қазақ-француз орталығы құрылды;

2014 жылы Қазақстан Республикасы Кирибати және Вануату мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

            26 ақпанда әлемде дүниеге келген танымал тұлғалар

1802 жылы француз жазушысы, ақын, прозаик және драматург, француз романтизмінің басшысы әрі теоретигі Виктор Гюго дүниеге келді. 1841 жылы Француз академиясының мүшесі болды;

1928 жылы америкалық пианист әрі әнші, рок-н-ролл жанрының негізін қалаушылардың бірі Фэтс Домино дүниеге келді. 1987 жылы Grammy Lifetime Achievement Award құрметті сыйлығын алған және Rolling Stone журналы бойынша рок-н-ролл дәуірінің ұлы музыканттарының бірі;

1954 жылы түріктің саяси және мемлекет қайраткері Режеп Ердоған дүниеге келді. 2014 жылдың 28 тамызынан бері Түркияның президенті қызметін атқарып келеді.

            26 ақпанда Қазақстанда кімдер дүниеге келді

1939 жылы Қазақстан Республикасы халықтарының ассамблеясы жанындағы Қазақстанның орыс қауымының басшысы Юрий Буканов дүниеге келді;

1953 жылы Қазақстан парламенті сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова дүниеге келді;

1980 жылы зілтемірші, ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлемдік рекорд орнатушы Татьяна Хромова дүниеге келді.

           Ай күнтізбесі

Ай Мерген белгісінде орналасады. Бойыңыздағы күш-қуатыңыз тауысылғандай күй кешіп, күйзеліске ұшырайсыз. Проблемамен басыңызды қатыра бермей, өмірдің рахатын сезініп, көңіл көтеріңіз, демалыңыз немесе жақсылап ұйқыңызды қандырыңыз. Бәрі жақсы болады.



sputniknews.kz