4 маусым: атаулы күндер, танымал есімдер, тарихи оқиғалар

0

Бұл – Григориан күнтізбесінде 155-ші күн, жыл соңына дейін 210 күн бар

4 маусымда не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

4 маусымда қандай айтулы оқиға болды

4 маусым – Қазақстанның мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Ту, елтаңба және әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері болып саналады. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков. Елтаңбаның авторлары – Жандарбек Мәлібеков және Шота Уәлиханов.

Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Қазақ елі тәуелсіздігін алған соң, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Нәтижесінде Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, әнұранның үздік мәтініне жарияланған байқауда белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

2006 жылы елімізде жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әні таңдалып алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Ал 2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» жарлыққа тиісті түзету енгізіліп, еліміздің жаңа мемлекеттік әнұраны бекітілді.

Бүгін – агрессияның жазықсыз құрбандары болған балалардың халықаралық күні. Бұл күн 1982 жылы 19 тамызда Палестина мәселесі бойынша өткен БҰҰ бас ассамблеясының төтенше арнайы сессиясының шешімі бойынша аталып өтеді. 1982 жылы 4 маусымдағы Израиль қарулы күштерінің Бейруттағы тұрғын үй аудандарын бомбалауының бір жыл толуына байланысты бұл күн 1983 жылдан бастап аталып өтеді.

4 маусымда әлемде болған тарихи оқиғалар

1664 жылы Жаңа Амстердам қаласының атауы Нью-Йорк болып өзгерді;

1856 жылы Третьяков галереясының негізі қаланды;

1921 жылы Францияда әлемге әйгілі «Шанель» («Chanel № 5») әтірі шықты;

1975 жылы ұлыбританиялық The Rolling Stones музыкалық тобы батыс топтарының арасында бірінші болып КСРО-да әндері орындалғаны үшін гонорар алатын болды;

4 маусымда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1943 жылы Қазақ КСР-нің алғашқы мемлекеттік әнұранын жазуға байқау жарияланды;

1944 жылы қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының батыры атағы берілді;

1992 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдар күшіне енді;

1992 жылы Қазақстан президенті жанындағы кәсіпкерлер одағы құрылды;

1998 жылы II Қазақстандық инвестициялық саммиті өтті. Оған 24 елдің 160 компаниясының өкілдері мен басшылары қатысты;

2000 жылы Иран қазақтары тарихи отанына орала бастады. Нәтижесінде қазақ еліне 732 отбасы немесе 3661 адам көшіп келді;

2000 жылы Алматы облысының Жаңалық ауылында сталиндік геноцид құрбандарын қайта жерлеу рәсімі өтті. Үлкен қабірдің ішінде Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және қазақ зиялы қауымының басқа да өкілдерінің сүйектері бар;

2007 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Маңғыстау облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгеріс туралы» жарлыққа қол қойып, Мұнайлы ауданы құрылды;

2015 жылы Нұр-Сұлтандағы (бұрынғы Астана) Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен шетелдік инвесторлар кеңесінің XXVIII пленарлық отырысы өтті;

4 маусымда дүниеге келген танымал тұлғалар

1777 жылы Ресей империясының генералы, мемлекет қайраткері Алексей Ермолов дүниеге келді;

1903 жылы КСРО халық әртісі, дирижер Евгений Мравинский дүниеге келді;

1929 жылы Грекияның сегізінші президенті Каролос Папульяс дүниеге келді;

1930 жылы КСРО хоккейшісі, жаттықтырушы, хоккейден КСРО құрамасымен 3 дүркін Олимпиада чемпионы атанған спортшы Виктор Тихонов дүниеге келді;

1959 жылы Үндістанның танымал кәсіпкері, миллиардер Анил Амбани дүниеге келді;

1971 жылы Конго Демократиялық Республикасының төртінші президенті Жозеф Кабила дүниеге келді;

1970 жылы польшалық және швед әртісі Елены Курцевич дүниеге келді;

1975 жылы америкалық актриса, фотомодель, қоғам қайраткері Анджелина Джоли дүниеге келді.

4 маусымда Қазақстанда кім туды

1954 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Ерғазы Нұрғалиев дүниеге келді;

1958 жылы Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, әнші Нұржамал Үсенбаева дүниеге келді;

1974 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетов дүниеге келді;

1975 жылы Қазақстан парламенті мәжілісі аппаратының серік басшысы Айдарбеков дүниеге келді.

Ай күнтізбесі

Ай Егіздер белісінде орналасады. Өзіңізге қатысты айтылған сынға мән бермеңіз. Сабыр сақтап, ішкі жан дүниеңіздің тұрақтылығына мән беріңіз.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз