«Атаулы көмекті рәсімдеу қиын» деген депутат сөзін еңбек министрлігі жоққа шығарды
Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Е-Халық» ақпарат жүйесі басқа мемлекеттік органдарждың деректерімен алмаспайды» деген мәжіліс депутаты Бейбіт Мамыраевтың сөзі шындыққа сәйкес келмейді» деді. Бұл туралы министрлік Азаттыққа берген жазбаша жауабында айтады.
Кеше, 17 сәуірде өткен Қазақстан парламенті мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар көп балалы аналар мен тұрмысы төмен азаматтар атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш тапсыру кезінде туатын мәселелерді шешуді сұрап, премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдаған.
Депутат Бейбіт Мамыраевтың сөзінше, құжат тапсыру кезінде «Е-халық» ақпарат жүйесінде ақау бары анықталған.
«Мекен-жай реестрінде отбасыны енгізу кезінде мекен-жай, үй, пәтер нөмірлері шықпайды. Баланың әкесі туралы, алиментке қатысты дерек көрінбейді. 2007 жылдың 13 тамызына дейін туған балалар жайлы ақпарат та жоқ. Бұған «Е-халықтың» басқа мемлекеттік органдардың деректерін алмағаны себеп» деген депутат Мамыраев.
Еңбек министрлігі 18 сәуірде депутатқа берген жауабында «мекен-жайлар, үйлер мен пәтерлер нөмірі жайлы мәліметтердің болмауына органдардың деректері арасында интеграцияның жоқтығы емес, әкімдер толтыратын және енгізетін деректерде сол мәліметтердің болмауы себеп» дейді.
«Отбасы құрамы туралы мәліметтерді де «Азаматтық хал актілерін тіркеу» жүйесіне әкімдіктер енгізеді. Мысалы, 2007 жылдың 13 тамызына дейін туған балалар жайлы мәлімет бұл жүйеде жоқ» деп жазады министрлік.
Ведомство жауабына қарағанда, «Е-Халық» ақпарат жүйесі атаулы әлеуметтік көмекке өтініш қабылдау кезінде қажет болатын мемлекеттік органдардың «Мекен-жай тіркелімі», «Азаматтық хал актілерін тіркеу», «Жеке тұлғалар», «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» сияқты ақпарат жүйелерімен интеграцияланған.
Еңбек министрлігі атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеу кезінде «Е-халық» жүйесінде ақау туып жатқанын айтқан депутат сөзін «жөнсіз әрі негізсіз» дейді. Министрлік сөзінше, «жүйе толығымен жұмыс істейді, «Е-халықта» ақпарат болса, өтініштер жеке куәлікпен ғана қабылданып жатыр».
11 сәуірде Нұр-Сұлтанда ондаған көп балалы ана наразылық танытқан. Олар алдымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, кейін мәжіліске барды. Аналардың сөзінше, құжат қабылдайтын комиссия қосымша құжаттар мен анықтамалар талап еткен. Наразылармен кездескен Жақыпова бұл ақпаратты жоққа шығарған.
Қарай отырыңыз: Құжат тапсыру қиындығына наразы аналар мәжіліске барды. 11 сәуір 2019 жыл.
12 сәуірде құжат қабылдау орнына барған вице-министр Жақыпова «қажет құжатты комиссия әділет министрлігіне сұраныс жіберіп, өзі алуы керек» деген.
Оның сөзінше, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтінішті жеке куәлікпен ғана қабылдап жатыр. Жақыпова комиссияның кейбір өңірде бірнеше құжат талап етіп жатқанын растап, мұндай фактілер Шымкент, Түркістан облыстарында тіркелгенін айтты. Министрлік «кейбір ата-аналар жайлы дерек e-gov сайтының базасына қосылмауының да салдары бар» деген.
4 ақпанға қараған түні Нұр-Сұлтанда бір отбасының бес баласы мерт болғаннан кейін, Қазақстанның бірнеше қаласында аналар жаппай наразылық танытты. Наразылық күшейіп тұрған тұста — 27 ақпанда Нұр-Сұлтанда «Нұр Отан» партиясының 18-съезінде Қазақстанның сол уақыттағы президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден төлеуді тапсырған.
Атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат қабылдау 1 сәуірде басталған. Бұған дейін де Нұр-Сұлтан қаласында ондаған ана құжат өткізудің машақаты көп екенін айтып, шағымданған.