атаулы даталар, тарихи оқиғалар, танымал есімдер
Бұл – Григориан күнтізбесінде 121-ші күн. Жыл соңына дейін 244 күн бар
1 мамырда не болғанын білесіз бе? Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik дерекқорынан оқыңыз.
1 мамырда әлемде қандай қызықты оқиға болды:
Әлемнің көптеген елі бүгін қандай мереке екенін жақсы біледі. Бұл елдерде Еңбек күні аталып өтеді, бұрын ол – Еңбекшілердің халықаралық тілектестігі күні деп аталды. 1886 жылдың 1 мамырында америкалық жұмысшылар ереуіл ұйымдастырып, 8 сағаттық жұмыс күнін талап етті. Бұл ереуіл мен жұмысшылардың шеруі полиция мен демонстранттардың қақтығысына ұласып, қантөгіспен аяқталды. 1889 жылдың шілдесінде II Халықаралық Париж конгресі жыл сайын 1 мамырда жұмысшылардың демонстрациясын өткізуге шешім қабылдады. Еңбекшілердің халықаралық тілектестігі күні мерекесі алғаш рет 1890 жылы әлемдегі Австрия-Венгрия, Бельгия, Германия, Дания, Испания, Италия, АҚШ, Норвегия, Франция, Швеция және басқа да елдерде аталып өтті. Бүгінгі күні көктем мерекесі әлемнің 142 елінде аталып өтеді, бұл күні халықтық серуендер, жәрмеңкелер, бейбіт шерулер мен көптеген түрлі ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады. Көптеген адам үшін бұл алаңсыз демалып, отбасымен бірге уақыт өткізетін күн.
Қазақстанда 1 мамыр мерекесі өзгеріске ұшырап, бүгінгі күні ол Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде тойланып жүр. Мереке Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығына сәйкес 1996 жылы тойлана бастады. Бұл күні көпұлтты Қазақстан Республикасында елдегі барлық халықты біріктіретін мерекелік көктемгі іс-шаралар өткізіледі.
АҚШ-та бүгін Құқық күні аталып өтеді. Оның мақсаты – мемлекет негізіндегі құқықтың рөлін еске түсіру және құқықтың қоғамдағы рөліне жұртшылықтың назарын аудару. Құқық күнін 1958 жылы АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр Еңбекшілердің халықаралық тілектестігі күніне (Еңбек күні) балама ретінде енгізді. Еңбек күні коммунистік мейрам секілді қабылданды, оны АҚШ үкіметі құптамады.
1 мамырда әлемде болған тарихи оқиғалар:
1707 жылы Шотландия Англиямен бірігіп, Ұлыбритания құрылды;
1840 жылы Англияда әлемдегі алғашқы почта маркалары сатылды;
1884 жылы Чикагода 10-қабатты тұрғын үй – алғашқы көк тіреген ғимараттың құрылысы басталды;
2004 жылы Венгрия, Кипр, Латвия, Литва, Мальта, Польша, Словакия, Словения, Чехия және Эстония Еуропа Одағының құрамына кірді.
1 мамырда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар:
1891 жылы Ақтөбе елді мекеніне қала мәртебесі берілді;
1901 жылы Орал қаласының типографиясында өлкедегі алғашқы саяси ереуіл болды;
1923 жылы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды. Музей экспонаттары өлкенің табиғатымен, тарихымен таныстырады;
1925 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында жарық көретін «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің негізі қаланды.
1 мамырда дүниеге келген танымал тұлғалар:
1917 жылы Ресей кинорежиссер- мультипликаторы Федор Хитрук дүниеге келді («Приключения Бонифация», «Винни-Пух» мультфильмдері);
1920 жылы кеңес және Украина театр және кино актрисасы Нонна Копержинская дүниеге келді. Украина КСР халық әртісі (1967). («За двумя зайцами», «Королева бензоколонки» фильмдері);
1982 жылы британдық актер, модель және музыкант Джейми Дорнан дүниеге келді. «Пятьдесят оттенков серого» фильміндегі Кристиан Грей рөлімен танылған;
1982 жылы ресейлік журналист, тележүргізуші және радиожүргізуші Елена Ханга дүниеге келді.
1 мамырда Қазақстанда кім дүниеге келді:
1841жылы ақын Қожабай Тоқсанбайұлы дүниеге келді;
1861 жылы ақын, Абай Құнанбайұлының ұлы Ақылбай Құнанбаев дүниеге келді;
1939 жылы жазушы Қарауылбек Қазиев дүниеге келді;
1947 жылы Қазақстан парламенті сенатының депутаты Елеусін Сағындықов дүниеге келді;
1962 жылы Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров дүниеге келді;
1963 жылы ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Бауыржан Жақып дүниеге келді.
Ай күнтізбесі
Ай Балықтар белгісінде орналасады. Өмірге көзқарасыңызды өзгертіп, барлық проблемаға басқа қырынан қараңыз. Бұл соншалықты қорқынышты емес, өзіңізге өзіңіз «шырмалып» жүрсіз. Барлығын оңай қабылдауды, ал жағымсыз оқиғаларды әзілге айналдыруды үйреніңіз, бұл сіздің қоғамдағы жағдайыңызды жақсартып, өзіңізге деген сенімділігіңізді нығайтады.
sputniknews.kz