Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш тапсыруға жеке куәлік жеткілікті

0

12 сәуірде Нұр-Сұлтандағы халықты жұмыспен қамту орталығына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпов келіп, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдіру барысын бақылап, ата-аналармен сөйлесті.

11 сәуірде мәжіліске барған аналар атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш тапсыруға көп құжат сұратып жатқанына шағынған. Жақыпова мұны жоққа шығарып еді.

Азаттық тілшісінің сөзінше, 12 сәуірде таңертең жәрдемақы алу үшін өтініш қабылдап жатқан орталыққа келген вице-министр «құжаттарды комиссия әділет министрлісіне сұраныс жіберіп, өздері алуы керек» деген.

Оның сөзінше, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтінішті жеке куәлікпен ғана қабылдап жатыр. Жақыпова комиссияның кейбір өңірде бірнеше құжат талап етіп жатқанын растап, мұндай фактілер Шымкент, Түркістан облыстарында тіркелгенін айтты. «Кейбір ата-аналар жайлы дерек e-gov сайтының базасына қосылмауының да салдары бар» деді ол.

Азаттық тілшісі сөйлескен ата-аналар вице-министрдің «өтініш тапсыруға жеке куәлік жеткілікті» деген сөзін жоққа шығарды. Төрт баласы бар жалғызбасты ана Динара Омарованың сөзінше, комиссия бірнеше құжат сұратқан.

Халықты жұмыспен қамту орталығында атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беруге келген астаналық жалғызбасты көпбалалы ана Динара Орманова. Нұр-Сұлтан, 12 сәуір 2019 жыл.

Халықты жұмыспен қамту орталығында атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беруге келген астаналық жалғызбасты көпбалалы ана Динара Орманова. Нұр-Сұлтан, 12 сәуір 2019 жыл.

— Барлық құжатты сұратып жатыр. Сұрақтар қояды, есептейді. Сосын «мынадай құжаттарды жинап кел» деп қолыңа қажет құжаттар тізімін береді. Жеке куәлікпен ғана бітетін шаруа жоқ. Мекен-жай анықтамасын сұратты, «тіркеуде болуыларыңыз керек» деді, мектептен құжат алдыртып, шот фактурасын сұратты. Құжаттың бәрін бір жарым ай жинадым, — деді ол.

Құжат қабылдау залында отырып, кейін аналар арасына келген Жақыпова «куәліктен басқа анықтама керек емес» деп тағы бір айтты.

— Балаларыңыз 2008 жылға дейін туса ғана құжатының түпнұсқасын өзіңізбен әкелесіз. Басқа құжаттарды әкелудің қажеті жоқ. Жұмыстан анықтама, табыс туралы анықтама керек емес, — деді вице-министр.

Министрлік өкілінің сөзінше, 1 сәуірде бастап атаулы әлеуметтік көмек алуға 77 мың өтініш түскен.

«[Олардың бәрі] алады деп айтуға болмайды. Алдымен [өтінішті] қарастыру керек. Құзырлы орган шешімді бекітуі тиіс. Осының бәрінен соң жүйеде шешім шықса, алады» деді Жақыпова журналистерге.

11 сәуірде Нұр-Сұлтанда ондаған көп балалы ана наразылық танытқан. атаулы әлеуметтік көмек аларда қиындыққа тап болғандарын айтып, шағымданды. Наразылар «21 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыны тұрмыс жағдайына қарамай әрбір балаға берілуі керек, көп балалы отбасыларды баспанамен қамту қажет» деген талаптарын айтты.

Видео: Наразы аналар мәжіліске барды. 11 сәуір 2019 жыл.

4 ақпанға қараған түні Астанада уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының бес баласы (ата-аналары түнгі жұмыста болған деп хабарланды) мерт болғаннан кейін, Қазақстанның бірнеше қаласында аналар жаппай наразылық танытты.

Наразылық күшейіп тұрған тұста — 27 ақпанда Астанада «Нұр Отан» партиясының 18-съезінде Қазақстанның сол уақыттағы президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден төлеуді тапсырған.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат қабылдау 1 сәуірде басталған. Бұған дейін де Нұр-Сұлтан қаласында ондаған ана құжат өткізудің машақаты көп екенін айтып, шағымданған.

Azattyq