Ататүрік туралы не білеміз? Өмірінің құпиялы тұстары

0

Бүгін Ататүріктің өмірден өткен күні, 10 қараша 1938 ж.

Қарапайым жанұядан шықты, байдың баласы емес еді. Жастайынан әкеден жетім қалды. Осман патшалығының ыдырап, тарқап жатқан кезі. Әскер боламын деді, патшалықтың жерін қорғаймын деді. Осман патшалығы Ливия, Балқан соғыстарымен, ішкі жанжалдармен күресіп жатқан тұс, соңынан І дүниежүзілік соғыс басталды, Ататүрік жас офицер ретінде осы фронттардың бәрінде соғысты, 12 жыл майданда болды.

Осман патшалығы соғыстан жеңіліп, Британия-Франция-Италия бастаған Антанта елдері Түркия жерін өзара бөлісіп, жаулап алған соң, патша Вахдеддин ағылшындарға тәсілім болған соң, басқа амал жоқтығын түсініп, 38 жасында ұлыттық азаттық күресін бастады!

Халықты ұйымдастырып, төрт жылдан астам уақыт 5 мемлекетпен соғысып, бәрін жеңіп, осы күнгі Түркия жерін азат етті. 1920 жылдары Британия империясы осы күнгі Америка сияқты әлемдегі ең қуатты, армиясы ең мықты супер держава болатын, Ататүрік жеңілмес Британияны тізе бүкітіріп, ойсырата жеңді! Ататүріктің осы ерлігі Британия қол астындағы отарларға ой салды, ешқашан даа жеңілмейтін Британия жеңілді, демек біз де жеңе аламыз ғой деген идея пайда болды, олар да ұлыттық азаттық күрестерін бастап кетті…

Ататүрік небары 15 жыл президент болды, 1938 жылы 57 жасында ауыр науқастан көз жұмды. Өмірден өтер уағына дейін халқына, мемлекетіне адал қызмет етті. Елуге жуық завод салды, мыңдаған шақырым теміржол салды, ауыр өнеркәсіпті әкелді, халықты оқытты, білім берді, әсіресе әйелдерге тең құқық беріп, қыз балалардың оқуына ерекше назар аударды.

Ататүріктің жасаған реформалары, құрған мемлекеттік басқару жүйесі, биографиясы әлем бойынша ең көп зерттелген, ең көп кітап жазылған тақырыптардың бірі. Әлемнің отыздан астам елінде Атаатүріктің ескерткіштері орнатылған, бүкіл әлем оны 20-ғасырдың ең айтулы тұлғасы, ұлы реформаторы, түрік ұлтының атасы, отар елдердің азаттыққа жету идеясының айқын мисалы ретінде құрметтейді.

Ататүрік қайтыс болғанда әлемдегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары, радиолар басты жаңалық ретінде берген екен. Италия радиосының жүргізушісі оның өмірден өткенін айта келе, қатты тебіреніп сөзін былай деп аяқтапты:

“Ей, Цезарь, ей Наполеон, тұрыңдар орыңдарыңнан! Сендерден де ұлы адам келе жатыр!”

Түрік халқы Ататүрікті ұмытқан жоқ, 82 жыл өтсе де оны ерекше құрметпен еске алады, ардақтайды. Жаның жәннатта болғай түрік халықтарының ортақ тұлғасы, ортақ мақтанышы Мұстафа Кемаль АТАТҮРІК….

Мұртаза Жүніс, Facebook парақшасынан