Атақты жазушы Назарбаевқа қатысты сәуегейлік танытқанын айтты

0

Қазақстан президенті Қабдеш Жұмаділді ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады

Белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділ ширек ғасыр бұрын Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты сәуегейлік танытқанын айтып, мақтанды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін Ақордада дәстүр бойынша Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында елге еңбегі сіңген бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Президенттің қолынан сыйлық алғандар қатарында жазушы Қабдеш Жұмаділ де бар. Оған ІІ дәрежелі «Барыс» ордені табысталды.

«Қазір ауыздан-ауызға тараған «Нұрсұлтан салған нұрлы жол» деген сөз бар. Осы сөзді осыдан ширек ғасыр бұрын, 1993 жылы алғаш рет мен айналымға енгізген едім. Мұнымен мақтануыма болады. Сол сөзді айтқаныма ризамын. Сол сәуегейлігіме ризамын», — деді жазушы.

Жұмаділ Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» аясында жазған мақалалары жазушылар мен тарихшыларға кең өріс ашқанын атап өтті.

«Қазір үлкен-үлкен жұмыстар басталып кетті. Біраз жыл тоқырауға ұшыраған Жазушылар одағына биыл құрылтайдан кейін жан бітті. Үлкен бастама көтеріліп жатыр. Келесі жылы бүкіл Азия жазушыларының конференциясын өткізбек. Осының бәрі сіздің шарапатыңыз, сіздің арқаңыз», — деп ризашылығын білдірді ол.

Айта кетсек, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, сондай-ақ  Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжин, Қазақ ұлттық өнер университеті» РММ профессоры Сұлтан Оразалы марапатталды.

https://sputniknews.kz