Атақты мазақ қылған ба? | «Айқын» газеті

0

Мемлекеттік марапаттың артында ерен еңбек, ерлік, қоғам дамуына айтулы үлес жататыны анық. Әр облыстың, яки қаланың «Құрметті азаматтары» бар, оларға ол абыройлы атақты халық берді.

Естіген құлақта жазық жоқ, осы атаққа қоса кейінгі кезде «Қазақстанның құрметті азаматы» деген де қосылды дегенде таң қалғанымыз рас. «Ол не марапат? «Халық Қаһарманы», «Еңбек Ері» сынды мемлекеттік ең жоғары атақ емес пе? Оны Елбасы тағайындауы керек еді ғой» деп те ойладық. «Кім алды екен?» деп ізденіп те көрдік. Сөйтсек, «Жігіттер» квартетінің әншілері мен жеке орындаушы Нұржан Керменбаев, Абай Бегей желідегі парақшаларында «Қазақстанның Құрметті азаматы» атандық» деп сүйінші сұраған екен сіз бен бізден.

Қуанып қалғанбыз. Еңбектері еленді ғой деп. Олай болмай шықты. Бұл абыройлы атақты «Комитет по общественным наградам и званиям» деп аталатын ЖШС берген екен және оны бұл пақырлар 1,5 миллион теңгеге сатып алған екен-дүр.

Олай болса, бұл атақ ешқандай да мемлекеттік емес қой! Ал олар неге өйтіп даурықты?! Қалтада 1,5 миллион теңге болса, сен де, мен де аламыз-ау, ондай шатақ «атақты»…

Жалпы, бізде әркім жеке серіктестік ашып алып, өз дегендерін істеп, оңды-солды «атақ» таратып ақша жасауға, біреудің қалтасына қолды жай салмай, молынан салу үшін ойлап тапқан тірлікке қарсы тұрар шара бар ма?

«Ы. Алтынсарин» атындағы медаль мен жоғары білім дипломдарының сатылатынын да естігенбіз. Ал енді мынаны саудагердің қитұрқы саясаты, қомақты қаржысы барларды қармаққа түсірудің кезекті амалы десе де болады.

Бұл іспен құқық қорғау орындары жұмыс істеуі керек-ақ. Өйткені, ешқандай атақ, марапат, мадақ ашықтан-ашық саудаға айналмауы шарт.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз