Атамекенге оралған ағайынның жағдайы — жіті назарда
Мақалада Өзбекстаннан Рудный қаласына көшіп келген Ықтияр мен Шәргүлдің (Құжат бойынша – Ихтиер Сарсанович Тухтибаев, Шаригуль Калкамановна Нурмаханова – ред.) отбасы оралман мәртебесін алғанымен, жарты жылдай жұмысқа орналаса алмайтыны, оның негізгі себебі оралман мәртебесін алғаннан соң үш айдың ішінде ықтиярхат, одан кейін тағы үш айдан соң азаматтық берілетіні, ал жеке зейнетақы шотын аштыру үшін жеке куәлік пен жеке сәйкестендіру нөмірін ұсынуы керектігі айтылған болатын. Яғни, олар «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 23-бабы 2-тармағының 5-тармақшасында оралманға «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қамтамасыз етіледі» деп көрсетілгенімен, «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң мен Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес жұмыс істей алмай отыр.
Осы орайда аталған мақалада айтылған өзекті мәселенің шешімін табуды жүктеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Қостанай облысының басшылығы төмендегі жайтты хабарлады. Қысқаша тоқталар болсақ, үш баласы бар бұл отбасы оралман мәртебесін 2018 жылдың 31 қазанында алған. Жұмысқа орналасуға көмек көрсету мәселесімен Рудный қаласының жұмыспен қамту орталығына жүгінбеген. Ал Көші-қон қызметіне тұрғылықты жерінде қалдыру туралы өтінішхатты 2018 жылдың 30 қарашасында берді. Ш.К.Нұрмаханова үй-жайды жинап, тазалаушы ретінде жұмысқа орналасу мәселесімен Рудный индустриалдық институтына жүгінген болатын. Бірақ зейнетақы шотының жоқтығы себепті олар жұмысқа орналастырудан бас тартты. Жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалына жүгінгенімен, Қазақстан Республикасы азаматының немесе Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктің/азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжатын ұсынбауы себепті, олар да бас тартты. Ал Қостанай облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы тұрғылықты жерде қалдыру туралы өтінішхатты 2018 жылғы 29 желтоқсанда қанағаттандырды. Азаматтар И.С.Тухтибаев, Ш.К.Нұрмаханова және А.С.Тайбағарова «шетелдік азаматтың тұруға ықтиярхаты» куәліктерімен құжаттандырылды.
И.С.Тухтибаевты зайыбымен 2018 жылғы 29 желтоқсанда облыс әкімі қабылдап, оларға жұмысқа орналасу мүмкіндігі, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және барлық тиесілі субсидияларды төлей отырып, оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы түсіндірілді.
Қазіргі уақытта И.С.Тухтибаевтың отбасына ағымдағы жылғы қаңтар айында тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді өтеу үшін Рудный қаласының демеушілері 35 мың теңге көлемінде көмек көрсетті. Сондай-ақ 20 мың теңге көлемінде тамақ өнімдерін сатып алу арқылы материалдық көмек көрсетілді.
Сонымен бірге әкімдіктің хатында И.С.Тухтибаевтың ағымдағы жылғы қаңтар айында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғамдық жұмыстарға жіберілетіні, сондай-ақ зайыбы Ш.К.Нұрмаханова мен қызы А.С.Тайбағароваға жұмысқа орналасудың бірнеше нұсқасы ұсынылғаны айтылған.
Бұл мәселені «Егемен Қазақстан» газеті алдағы уақытта жіті назарында ұстайды.
Дереккөз: http://egemen.kz/