Атамекенге келіп, амалы құрып отыр

0
179

Екіншіден, ағайындар не­гі­зінен Өзбекстанның кенді, ірі зауыты бар Үшқұдық, Там­ды маңайынан келіп жатыр. Ал Рудный қаласында еліміз­дің өндіріс флагманы атан­ған Соколов-Сарыбай кен өн­діру бірлестігі бар. Ол жақта кен өн­діру саласында жұмыс істеген­дер мұнда да кәнігі маман болып отыр. Алайда Өзбекстаннан келіп жатқан ағайынның барлығы бірдей кенші десек, шындыққа жанасыңқырамайды. Олардың арасында түрлі мамандық иелері бар, ауылды жерден келгендер де жетерлік. Ағайын-туыстары көш­кен соң кейінгілері де со­лар­дың маңайында болғысы келе­ді. Қазан айында Шәргүл мен Ық­тияр үш баласын жетек­теп Рудный қаласына көшіп келді.

– Атамекен – сыртта жүрген әр қазақтың арманы, аңсары. Әсі­ресе өз ағайын-жақындарың Қа­зақстанға көшіп кеткенде, бір жақ қабырғаң желдің өтінде қал­ғандай, алаңдай бастайды екенсің. Сосын Ықтияр екеуміз де Қазақстанға көшуді ойладық. Балаларымыз Қазақстанда жүріп, қазақ мектебінде білім алғанына не жетсін, – дейді Шәргүл Нұрмаханова. Ықтияр мен Шәргүлдің бұл арманы орын­далды, екі ұлы да Рудный қала­сындағы қазақ орта мекте­біне орналасты. Қалалық білім беру бөлімі сырттан келген аға­йын оралман мәртебесін алысы­мен балаларын мектепке қабыл­дады. Бірақ отбасының көңілі алаң. Неге?

Қазақстанға көшкісі келген отбасы жұмысқа орналасарда алдынан таудай кедергілер шы­ғар деп ойлаған жоқ. Алды­мен қарапайым адамдар Қазақ­станның заңнамасы туралы ой­лап жатпайтыны белгілі. Олар Рудный өндірісті қала бол­ғандықтан, екі қолға бір күрек табылар деген. Расында, жұмыс табылмай қалған жоқ. Шәргүлге қаладағы бір мекеме еден жуу­шы етіп қабылдауға дайын екенін білдірді.

Бірақ Шәргүлдің де, жұмыс іздеп жүрген күйеуі Ықтиярдың да маңдайы тасқа тигендей болды. Оралман мәр­тебесін алған отбасы жұмысқа қабылдану үшін әлі жарты жылдай уақыт керек екен. Себебі қолында жеке басының куә­лігі болмаса, «Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қоры» акционерлік қоғамының филиалы оларға шот ашпайтынын мәлімдеді.

– Өзбекстанда мен еден жуушы, күйеуім теміржолда жұмысшы болып істедік. Үш бала өсіріп отырмыз. Өзіміз мұнда пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Қора-қопсымызды сатып әкелген аз-мұз қаржымыз қашанға жетеді дейсіз? Қазақстанның азаматтығын алғанша жұмысқа тұра алмасақ, алда қалай күн көрерімізді білмей отырмыз, – дейді Шәргүл.

Көшіп келген ағайын оралман мәртебесін алған соң, оларға үш айдан кейін ықтиярхат беріледі. Ықтиярхат қолға тиіп, азаматтықты алғанға дейін тағы да үш ай уақыт керек. Ол кейде созылып кетуі де ықтимал. Соған дейін оралман ағайындар жұмысқа тұра алмайды. Күнкөріс не істетпейді, әркімнің қорасын тазалап, есігінің алдын сыпырып, жалдануына тура келеді.

Кішкентай қалада он­дай жұмыс та кейде тапшы болып қа­лады екен. Жергілікті жердің ой-шұ­қырын білмейтін адамға барлығы оң­ай емес. Шәргүл Нұрмаханова Бір­ыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорының Қостанай облыстық филиалына арыз береді. Онда ол Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қон туралы» Заңы бойынша оралман мәртебесін ал­ға­н­ын, тұрақты тіркелу үшін Рудный қа­лалық Ішкі істер басқармасының Көші-қон полициясына құжаттарын тап­сыр­ғанын айтады. Шәргүл арызында ең бастысы, жұмыс тапқанын, бірақ жұ­мыс берушілер жеке зей­нет­ақы шо­тын талап ететінін жазады. «Халық­тың көші-қон туралы» Заңы­ның 23-бабы 2-тармағының 5-ші тар­мақ­шасында оралманға «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының заңнамасына сәй­кес жұ­мыспен қамтуға жәрдемдесу қамта­масыз етiледi» деп көрсетілген. Арыз­данушы осыған үміт артады.

Бірақ шынайы өмірде «Мен не деймін, домбырам не дейді?» дегеннің кері келіп тұр. Шәргүлдің арызына БЖЗҚ-ның Қостанай облыстық фили­алының басшысы С.Қозбақова тобы­ққа тісі тимегендей етіп, жанын ауыртпай жауап береді. Әрине, ол «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңды бетке ұстайды. Онда жеке зейнетақы шотын аштырғысы келген адам алдымен өзінің жеке басын куәландыратын құжатын, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) ұсы­­­нуы керектігі айтылады. Ал Қазақ­стан Республикасының Еңбек Кодек­сі­н­ің 32-бабында еңбек шартын жасау үшін «оралмандар жергілікті ат­қарушы органдар берген оралман куә­лі­гін ұсынатыны» айтылған. Бірақ жұ­мыс беруші еңбек шартынан бұрын оралманнан жеке зейнетақы шотын талап етіп отыр ғой. Шәргүл бұл туралы еліміздің еңбекке, көші-қонға, зейнетақыға байланысты заңдарынан оралманға қатысты ешнәрсе көре алмады. Біз бұл жерде БЖЗҚ-ның Қостанай облыстық филиалының басшысын кінәлаудан аулақпыз, ол да Қазақстан Республикасының заңын орындауы тиіс. Көшіп келген адам оралман мәртебесін алған соң, оған жеке сәйкестендіру нөмірі беріледі, ол өзгермейді. Сондықтан бұл оралман үшін басты құжаттың бірі болып саналмай ма? Шәргүлді ойлантатыны да осы сауал.

– Мені жеке сәйкестендіру нөмірі берілген соң, азаматтық ал­ған­ға дейін оралман мәртебесі куәлігімен жеке зейнетақы шотын ашуға болмайтыны таңғалдырады. Біз маусымдық мер­зімге келген адамдар немесе уа­қыт­ша тұруға келген шетел азаматтары емеспіз. Біз атамекеніне оралғанда, осы ел қабырғасының бір кірпіші бола­мыз деп келмедік пе? Жұмысқа тұруға жарамаса оралман мәртебесі куә­лі­гінің керегі қанша? – дейді Шәр­гүл ренішін жасыра алмай.

 Сонымен, көшіп келген ағайынға Қазақ­станның азаматтығын алғанша жұ­мыстың да, құжаттың да, қара­жат­тың да қарасы әзір көрінбейтін түрі бар. Ал сонда атамекенім деп келген ағайын кімнен, қандай органнан қам­қорлық күтуі тиіс? Шәргүлдің жағ­дай­ын түсінген жанашырлар «қыстың көзі қырауда пәтер жалдап тұру оңай емес, қоныс аударушыларға арналған бейімдеу орталығында тұра тұруға болмас па еді?» деген кеңесін де айтыпты. Облыстық жұмыспен қамту және мемлекеттік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мамандарының айтуынша, қоныс аударушылар мен оралмандарға арналған уақытша орналастыру орталығы Қостанайда бар. Бірақ оған тұруға оралман мәртебесін алғанға дейін ғана рұқсат етіледі. Көшіп келгендер қазір айналасы бір аптаның ішінде оралман мәртебесін алады. Бірақ «оралман мәртебесі» куәлігімен тек медициналық тексеруден өтуге ғана болады. Оралман қалған жағдайда ешқандай кеңсеге аталған уақытша құжатпен тұмсығын тыға алмайды. Шәргүл мен Ықтияр да оны қазір бастан кешіп отыр.

Шәргүл қазір өз отбасының жағ­дай­ын еркін ұша алмай, тыпыр­ла­ған құсқа теңейді. Аңсап жеткен ата­­­мекеннен енді Өзбекстанға қайта кет­­­пейтіні аян. Кеткенмен ол жақта бұ­рынғы жұмыс орны да, сатып жі­бер­ген үй-жайы да күтіп тұрмағаны белгілі. Ал мұнда құжатсыз ешнәрсе іс­тей алмайды, жұмысқа орналаспаған соң, бала-шағаның күнделікті тамағы, керек-жарағы ойландырады.

– Сыртта жүргенде ел деп алаң­да­дық, енді амалым құрып отыр. Әйтпесе Өзбекстанда да аш жүрген жоқ едік, – деп қояды Шәргүл.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Рудный қаласы

Дереккөз: http://egemen.kz/