Атамбаевтың қызы видеоүндеу жариялады
Қысқа сілтеме алу
Экс-президенттің қызы өз отбасы мен бейбіт азаматтар үшін алаңдайтынын мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 10 тамыз – Sputnik. Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың қызы Әлия Шагиева әкесінің ұсталып, қамауға алынуына байланысты Instagram-дағы парақшасында көпшілікке үндеу жасады.
«Мен суретшімін. Ешқашан саясатқа араласпадым. Бірақ қазіргі билік әкемді заңсыз және әділетсіз ұстап, шектен шығып кетуіне байланысты бұдан әрі үнсіз отыра алмаймын», — деп мәлімдеді Атамбаевтың қызы.
Шагиеваның айтуынша, елде құқықтық нормалар бұзылып жатыр, оппозициялық телеарналар жабылып, бұқаралық ақпарат құралдарынан жалған ақпарат таратылуда.
«Мен өз отбасым үшін, бейбіт азаматтар үшін алаңдаймын», — деп толықтырды бойжеткен.
Әлия Шагиева биліктің әкесін жауап алуға шақыруы оны ұстауға сылтау ғана болды деп есептейді.
«Қылмыс әлемінің серкесі Батукаевты Қырғызстаннан шығаруға қатысты істі ойдан шығарып алды. Іс жүзінде менің әкемді оппозициялық қызметі үшін қамауға алғысы келді. Оның көптеген жақтасына дәл осылай жасады. Мысалы, Кубан Кулпатов пен Сапар Исаковты жауап алу үшін шақырып, ешқандай талқылаусыз қамауға алды», — дейді ол.
Тағы оқыңыз: Алмазбек Атамбаев ұсталды
Экс-президенттің қызы әкесі биліктен Конституциялық соттың жауап алуға қатысты шешімін күтуді талап еткенін атап өтті.
«Ол БАҚ-қа Батукаев ісі туралы білгенінің бәрін айтып, тергеу органдарына жазбаша түрде толық ақпарат беруге дайындалды. Әкем Конституциялық соттың шешімі болмаса, бұл жағдай заң жүзінде шешілмесе, біз өзімізді қорғауға құқығымыз бар екенін айтты. Кез келген шабуыл автоматты түрде экс-президенттің үйіне қылмыстық және заңсыз шабуылға айналатынын ескертті», — деді Шагиева.
7 тамыз кешке Кой-Таш ауылында арнайы жасақ Атамбаевты ұстау операциясын жүзеге асырмақ болды. Алайда бұрынғы мемлекет басшысының жақтастары оларға тойтарыс берді. Салдарынан ондаған адам зардап шегіп, бір сарбаз қаза болды. Бұдан бөлек, Атамбаевтың жақтастары арнайы жасақтың алты сарбазын кепілге алды.
Тағы оқыңыз: Атамбаевтың тергеу абақтысында түсірілген фотосы жарияланды
8 тамызда ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Атамбаевтың үйіне апаратын жолды жауып, наразылық білдірушілерді жас ағызатын газбен таратып жіберді. 19.30 кезінде экс-президент келіссөздерден кейін ұсталды.
sputniknews.kz