Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру жөніндегі комиссия отырысы өтеді

0

17 маусымда Қырғызстан парламентінде елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтеді деп хабарлады парламенттің баспасөз қызметі. Парламент депутаттарынан құралған арнайы комиссияның отырысы ашық өтеді, оған алдын ала тіркелген БАҚ өкілдері қатыса алады.

12 маусымда парламенттегі «Қырғызстан» фракциясының жетекшісі, депутат Канатбек Исаев бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы бастама көтерген. Ол бұл бастаманы 60 депутат қолдайтынын және осының негізінде комиссия құруға болатынын айтқан. Исаев пен тағы бір депутат Талант Мамытов Атамбаевты «билікті заңсыз иемденіп алмақ болды» деп айыптаған еді.

13 маусымда құрамына парламент депутаттары Каныбек Иманалиев, Омурбек Бакиров, Евгения Строкова, Кожобек Рыспаев, Максатбек Эгембердиев, Талант Мамытов, Бактыбек Райымкулов, Жыргалбек Турускулов, Алтынбек Жунусуулу, Бактыбек Турусбеков, Канатбек Исаев және Алмазбек Токторов енген комиссия құрылды.

16 мамырда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков «Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды.

Онда Жогорку кеңеш қылмысқа қатысы бар деген айып тағып, оны бас прокуратура растаған жағдайда бұрынғы президентті тиіспеушілік мәртебесінен айыру қарастырылған. Сондай-ақ, заң жобасының 11-бабына сәйкес, бұрынғы президенттің мемлекеттік билік органдарында саяси, арнаулы мемлекеттік лауазым атқаруына, саяси партияларда басшылық қызмет істеуіне немесе оның қызметіне араласуына тыйым салынады.

Қырғызстанда бұрынғы президент мәртебесіне Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаев ие. Ал халық толқулары нәтижесінде биліктен кетуге мәжбүр болған елдің бірінші президенті Асқар Ақаев пен екінші президенті Құрманбек Бакиевке ондай мәртебе берілмеген.

Azattyq