Атамбаевқа қандай айып тағылып отырғаны айтылды

0

Көрші қырғыз елінде тағы дүрбелең. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-президент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы сәтсіз аяқталды

НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Кой-Таш ауылында Атамбаевтың үйіне баса-көктеп кірген арнайы жасақ жақтастарының табанды қарсылығына тап болды. Шабуыл салдарынан бір сарбаз көз жұмып, қырықтан астамы зардап шекті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Атамбаевтың үйіне жасалған шабуыл

7 тамыз күні кешке Атамбаевтың Кой-Таш ауылындағы үйіне шабуыл жасалғаны белгілі болды. Экс-президенттің резиденциясы орналасқан ауыл Бішкек қаласынан 20 шақырым қашықтықта. Атамбаевты ұстау операциясын елдің мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы жүргізген. Олар бұрынғы президенттің үйінің ауласына баса-көктеп кіріп, резеңке оқпен ата бастаған.

Күш құрылымдарының әрекетіне жауап ретінде Атамбаевтың жақтастары үйге кіріп, арнайы жасақ сарбаздарын кепілге алған. Жергілікті тұрғындар мен Атамбаевтың жақтастары арнайы жасақ сарбаздарына тас лақтырып, жағдай ушыға түсті. Артынша атыс басталды.

Тағы оқыңыз: Өз халқыңа оқ атпа: Атамбаев мәлімдеме жасады

Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы жасақ сарбаздарының тек резеңке оқ қолданғанын мәлімдеді. Ал Атамбаевтың үйінің жағынан атыс қаруынан оқ жаудырылған. Мыңға жуық милиция қызметкері экс-президенттің үйіне жақындай алмапты, оларға Атамбаевтың жақтастары тосқауыл болған.

Осылайша Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы сәтсіз аяқталды.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков демалыста болған. Алайда елде дүрбелең басталғаннан кейін, демалысын тоқтатып, Бішкекке оралды.

Шабуыл салдарынан бір сарбаз көз жұмды, қырықтан астамы зардап шекті. Сондай-ақ, ішкі істер министрлігінің Шу облысындағы басқармасының бастығы Самат Құрманқұлов ауыр жарақат алды, ол комаға түсті.

Бәрі неден басталды?

Атамбаев қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевты заңсыз босатуға қатысы бар деп айыпталып отыр.
Батукаев 2006 жылы 16 жыл және 8 айға бас бостандығынан айырылған болатын. 2013 жылы «ауыр дертке» байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босап, Қырғызстаннан кетті.

Қазір Батукаев, ІІМ мәліметінше, қару сақтағаны үшін Шешенстанда жазасын өтеп жатыр. Ішкі істер министрлігі Батукаевтың жалған диагноз қою арқылы Атамбаевтың тікелей нұсқауымен босатылғанын мәлімдеді. Атамбаев қылмыс әлемінің серкесін босатуды ұйымдастыруды сол кездегі ішкі істер министріне тапсырған.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі Алмазбек Атамбаевты куәгер ретінде үш рет жауап алуға шақырды. Бірақ ол бірде біреуіне барған жоқ. Осыдан кейін күш құрылымдары экс-президентті күшпен әкелуге бел буды.

Атамбаев экс-президент мәртебесінен қалай айырылды

Осы жылдың 13 маусымында қырғыз парламенті арнайы комиссия құрды. Комиссия экс-президенттің алты бірдей қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген қорытынды шығарды. 20 маусымда Жогорку Кенеш бұл қорытындыны мақұлдап, бас прокуратураға жолдады. Елдің қадағалау органы алты фактінің бесеуі бойынша Атамбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғауға негіз бар екенін мәлімдеді. Олардың арасында қылмыс әлемінің серкесі Батукаевтың ісі де бар.

Атамбаевқа тағылған айыптар:

  • Чон Сары-Ой мен Кой-Таш ауылдарынан жер учаскесін заңсыз алып, үй салған;
  • Бішкектің жылу электр орталығын жаңғырту кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берген;
  • Бішкек ЖЭО-сы үшін көмір сатып алу кезінде жасалған жемқорлық қылмысын жасаған;
  • тарихи музейді қалпына келтіру кезінде жасалған сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар.

27 маусымда Жогорку Кенеш Алмазбек Атамбаевты экс-президент мәртебесі мен жеке басына тиіспеушілік құқығынан айырды.

Атамбаев Қазақстан билігін неге айыптады

Айыр қалпақты ағайындар 2017 жылдың 15 қазанында өз президентін сайлады. Саяси додада басым дауыспен Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков жеңіске жеткен болатын. Сайлау науқаны кезінде сол кезде қырғыз елін басқарған Алмазбек Атамбаев Қазақстан билігін Қырғызстанның ішкі істеріне араласты деп айыптады. Атамбаевтың бұлай мәлімдеме жасауына Қырғызстан президенттігіне кандидат болған Өмірбек Бабановтың Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі себеп болған.

Сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бабановпен кездесуінен кейін, Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі қарсылық нотасын жолдады. Қырғыз билігі бұл кездесудің астарын елде болатын сайлауға және Қырғызстанның ішкі ісіне араласу деп санады.

«Мен Қазақстан биліктің өз үміткерін неліктен таңып отырғанын түсінемін. Олар Бакиевті жақсы көреді (Қырғызстанның бұрынғы президенті). Бакиевтер әлі күнге дейін Қазақстанда мереке өткізеді»,- деген еді сол кезде Алмазбек Атамбаев.

Осыдан кейін Атамбаев қазақстандық әріптесі Назарбаев туралы артық айтып, ағаттық жасағанын мойындады. Десе де, Назарбаевтың айналасындағылар жайлы ойын өзгерткен жоқ.

«Әлбетте, ол президент ретінде айналасындағыларға — қазақ олигархтары мен миллиардерлерге сенеді. Ал олар Қазақстан немесе Назарбаев туралы, болашақ жайында бас қатырмайды. Батыстағы банктерде шоттары бар», — деген болатын Атамбаев.

Атамбаевтың мәлімдемесі

Кешеден бері басылмай жатқан дүрбелеңнен кейін Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев үндеу жасады.

«Күш құрылымдарына үндеу жасаймын: өз халқыңа оқ атпа, мұның бәрі сендерге жақсылық әкелмейді… Біз террорист емеспіз. Мен де, менің үйімнің айналасындағы адамдар да террорист емес», — деді Қырғызстанның экс-басшысы.

Атамбаевтың айтуынша, арнайы жасақ әскери қару да қолданған. Дегенмен Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті күш құрылымдары резеңке оқ қолданды деп мәлімдеді.

Атамбаев өз үндеуінде көптеген жазықсыз адамның зардап шеккеніне өкініш білдірді.

Соңғы деректерге сүйенсек, Атамбаев өз штабы орналасқан «Форум» ғимаратына келіп, сағат төрттерге таман митинг өткізуді көздеп отыр. Ол кепілге алынған арнайы жасақ сарбаздарын босатуға уәде берді.

Бас прокуратура Кой-Таш ауылындағы тәртіпсіздіктерге қатысты тергеу жұмысын бастады.



sputniknews.kz