Атамбаев партия басшылығынан кетіп, оққағары сотталды

0
48

КЕРІ КЕТУ МЕ?

Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) саяси кеңесі мамырдың 25-і күні отырысында елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың оққағары Дамир Мусакаевтың тұтқындалуына байланысты арнайы мәлімдеме таратты. Мәлімдемені ҚСДП саяси кеңесі мүшесі Адил Турдукулов жария етті.

Адиль Турдукулов.

Адиль Турдукулов.

«Дамир Мусакеевтың қамалуы Қырғызстанда заңсыздық жалғасып жатқанын, құқық органдары мен елдің сот жүйесі жазалаушы мекемелерге айналғанын көрсетті. Атамбаев пен оның жақтастарына қоқан-лоқы жасайтын бұл оқиға – қауіпті прецедент. Бұл кінәсіз адамды ойдан шығарылған айыппен қамауға болады дегенді білдіреді. Бұл біздің хандық-авторитарлық жүйеге қайта оралғанымызды көрсетеді» деп мәлімдеді Турдукулов.

МУСАКЕЕВ ЖӘНЕ «ЖАСЫРЫН ТЫҢДАУ»

ҚСДП төрағасының орынбасары Кундуз Жолдубаева билік Алмазбек Атамбаевтың өзіне қауіп төндіргісі келеді деп санайды. Ол Мусакеевтың сот үкімін бұрынғы президентті жасырын тыңдамақшы болғандардың әрекетін әшкерелеумен байланыстырады.

Кундуз Жолдубаева.

Кундуз Жолдубаева.

«Видеотаспада Мусакеевтың өзі Алмазбек Атамбаевқа қауіп төнгенін айтып, «оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адам ретінде оларға кедергі келтіріп тұрған сияқтымын» дейді ғой. Ол мұны бұған дейін де айтқан. Мусакеев бұрынғы президенттің жұмыс кабинетін МҰҚК (Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті) жасырын тыңдамақшы болғанын қоғамға жариялап жіберген. Менің ойымша, сондықтан оны тезірек қамау үшін сот шұғыл шешім шығарған» дейді Жолдубаева.

ҚСДП мамырдың 24-і күні таратқан видеотаспада өзін «Форум» кәсіпорны техникалық қызметкерімін деп таныстырған адам өзін «МҰҚК қызметкерлері бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев пен оның оққағары Дамир Мусакеевтың кабинеттеріне жасырын тыңдау құрылғыларын орнатуға көндіруге тырысқанын» айтады.

Бейнетаспада әлгі адам тоққа жалғанатын ұзартқышты бөлшектеп, оның ішіне орнатылған заттарды «жасырын тыңдауға арналған құрылғы» деп таныстырады. Видеода бейнеленген Дамир Мусакеев мұны «Алмазбек Атамбаевтың қауіпсіздігіне қатер төндіру» деп бағалайды.

Видео жарияланған мамырдың 24-і күні Бішкектің Свердлов аудандық соты Дамир Мусакеевке үкім шығарды. Сот оны Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің 9-қызметін басқарып тұрғанда мекеме қызметкерлеріне пәтерді заңсыз бөлгені үшін айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Мусакеевты сот залында тұтқындады.

Бұл іс бойынша наурызда басталған сот процесі жабық өткен.

ҚОҒАМДЫҚ РЕЗОНАНС

Сот үкімі шыққаннан кейін Мусакеевтың туған жері – Тон ауданы Бөкөбаев ауылында жақтастары жиналып, оны қамаудан босатуды талап етті. Олар егер талаптары орындалмаса наразылықты жалғастыратындарын ескертті деп хабарлады Азаттыққа «Әділдік үшін күрес» қозғалысының төрағасы Айбек Жаныбаев.

Дамир Мусакеевтың адвокаты Тамирлан Кожоакматов Свердлов аудандық сотының үкімін алған соң апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

Дамир Мусакеевтың үстінен екі қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз пәтер бөлуден бөлек оған «заңсыз байыған» деген айып тағылған. Тергеу болжамы бойынша, Мусакеев пен туыстары 2010 жылдан 2017 жылға дейін 20 миллион сомның жылжымайтын мүлкін сатып алған. Олардың заңды жиынтық кірісі мұндай қымбат мүлік сатып алуға жетпейді дейді тергеушілер. Бұл іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр.

Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры Байтемир Ибраев Мусакеевке сот қатал үкім шығарды деп санайды.

Байтемир Ибраев.

Байтемир Ибраев.

«Меніңше, оны тым қатал жазалады. Тіпті оның кінәсі толық дәлелденген күннің өзінде қамаудан басқа жаза түрін қарастыруға болар еді. Мемлекеттің қылмыстық-процесуалдық саясаты қылмыс жолына түсетіндерді көбейтуге емес, оларды қалыпты өмірге қайтаруға бағытталуы керек» дейді Ибраев.

Ал енді біреулер Дамир Мусакеев өз бастығы – бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтан мұраға қалған сот жүйесінің құрбанына айналды деп санайды. Олардың пікірінше, Атамбаев билікте болған кезде саяси себептермен көп адам ұсталған, кейбірі сотталып, әлі күнге дейін түрмеде отыр.

Алайда саясаттанушы Алмазбек Акматалиев Дамир Мусакеевтың ісі бойынша сот үкімін саясатпен байланыстырмайды.

Алмазбек Акматалиев.

Алмазбек Акматалиев.

«Шын мәнінде, Мусакеев ісінің саясатқа қатысы жоқ. Ол саяси тұлға емес қой. Сондықтан оны қамауға алудың ондай (саяси – ред.) негізі жоқ. Атамбаевтың өзіне жол ашық. Меніңше, бір-бірімен байланысты емес» деп санайды Акматалиев.

Мамырдың 25-і күні Алмазбек Атамбаев Қырғызстан социал-демократиялық партиясы төрағалығынан кетіп, партияға мүшелігін тоқтатты. Партия төрағасының міндетін атқарушы болып Әсел Кодуранова бірауыздан сайланды деп хабарлады Азаттыққа партияның саяси кеңесінің мүшесі Адил Турдукулов. Оның сөзінше, Атамбаев бұрынғы президенттер туралы жақында қолданыстағы заңға енгізілген өзгертулерге байланысты партия басшылығынан кеткен.

Жуырда күшіне енген «Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы» заңға енген түзетулерге сәйкес, елдің бұрынғы президентіне саясатпен айналысуға тыйым салынады. Бұл құжат Конституцияға қайшы және азаматтардың құқығын бұзады деп санайтын ҚСДП заңгері Нұрбек Қасымбеков сотқа шағым түсірген.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласынан аударылды.

Azattyq