Атамбаев Кой-Таштағы операцияда қарумен қорғанғанын айтты

0

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев өзін ұстауға келген арнайы жасақ өкілдерінің әрекетін сынап, мәлімдеме жасады. Оның мәлімдемесін 8 тамыз түн ауа «Апрель» телеарнасы көрсетті.

— Кеше олар (арнайы жасақты айтады — ред.) «тергеуге алып кетуге келдік» деген жоқ. Бандиттей болып келіп, елді ата бастады. Мен «біреу менің үйіме келсе қарсылық көрсетем, керек болса атам» деп бірнеше айдан бері айтып келем. Менде сыйлыққа берілген тапанша, винтовка бар. Мұнда қару тек менде ғана бар. Үшінші қабатта отырып, өзім ғана қарсылық көрсетіп отырдым. Қарапайым адамдардың қолында бәлкім тас болды. Бірақ бір де біреуінде қару болған жоқ, — деді ол.

Атамбаев өз мәлімдемесінде «биліктің әрекетін заңсыз» деп атады. Атамбаевтың сөзіне қарағанда, оны ұстауға келгендер терроризмге қарсы күрестің арнайы жасағы.

— Олар алдымен резеңке оқ, соңынан шын оқ атты. Мен террорист емеспін. Батукаев ісіне қатысты менің тарабымнан ешқандай жемқорлық әрекеті жоқ. Оны Сооронбай Жээнбековтің өзіне де айтқам. Мұны Атамбаевтың аузын жабу үшін істеп жатыр. Қырғыз халқы бір кланға, билікке тізерлеп өмір сүре алмайды. Билік өз елін атуды, өз елімен күресуді тоқтатуы керек, — деді экс-президент.

Қырғызстанның бұрынғы президенті өзін қорғап, арнайы жасаққа қарсы тұрған тұрғындарға алғыс айтты.

7 тамызда Бішкек уақытымен кешкі сағат сегіз шамасында арнайы жасақ экс-резидент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын бастаған. 8 тамыз түнгі үш шамасында арнайы жасақ Кой-Таштан шықты, Алмазбек Атамбаевты ұстаған жоқ.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі ұстау операциясы кезінде жараланған арнайы жасақ өкілі ауруханада көз жұмғанын хабарлады. Министрліктің дерегінше, операция кезінде 41 адам жараланған, олардың 15-і — арнайы жасақ қызметкері.

Дәрігерлердің сөзінше, көз жұмған 22 жастағы арнайы жасақ қызметкерінің жүрегіне оқ тиген. Ол ауруханада қайтыс болған.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтады.

Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. Оның орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген.

Azattyq