«Аталар аян берді деп келеді»: Түркістандық шебер бақсылардың «сүйіктісіне» айналған — Қазақстан жаңалықтары

0

Шымкенттік қолөнер шебері Қадыр Садықов жігітке жеті өнер де аз екенін дәлелдеп жүрген серінің бірі. Ол жастайынан домбыра құрастырып, ұлттық өнерімізді ұлықтап, ұстаздық жолында талай дарынды шәкірттерді тәрбиелеп келеді. Ағаштан мың түрлі бұйым, музыкалық аспап жасайтын ол тойда ән салып, құдалық та басқарады. Бала арманы орындалмай қалған сөзге де шебер, іске де ұста Қадыр Айтуғанұлы Stan.kz ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, қалай бақсылардың «сүйіктісіне» айналғанын айтып ағынан жарылды.

Атасының шеберханасында жүріп ағаш жонуды меңгерген бала Қадырдың арманы ақ халатты абзал жандардың қатарында халықтың алғысын алу болған екен. Алайда он саусағынан өнер тамған қол өнер шебері атакәсібінен алыстамауды жөн көріпті. Той басқарып, асабалық өнерді де қатар алып жүрген шебер саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған.

—    Қарапайым көпбалалы отбасыда туып өстім. 13 ағайынның сүткенжесімін. Мектепті бітіріп, бір жылдық кәсіптік білім беру техникумында (авт. СПТУ) ағаш ұстасы мамандығын оқыдым. Қолыма құжат тигеннен кейін екі қолға бір күрек ұстап, ағаш өңдеу комбинатында жұмыс істедім, — дейді ол.

—    Кейін Отан алдындағы борышымды өтеуге Германияға аттандық. Екі жылдан соң әскерден оралып бұрынғы жұмысымды жалғастырдым. Бұрынғы Ә.Қастеев атындағы көркем сурет училищесінде алғаш рет ашылған ағашты көркемдеп өңдеу мамандығы бойынша білім алдым. 4 жылдық орта білімді аяқтауға таяп, дипломдық жұмысымды қорғау кезінде екі домбыра жасадым. Оның бірі тұтас ағаштан істесем, ал екіншісі – құрама домбыра. Сол кезде құрама домбыраның халық шебері Мұрат Закаринов бір ай жетекшілік етіп, кейіннен бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Сол жылы музыкалық аспаптар цехын ашып жұмыс істедік. 30 жылдан бері осы саладан алыстағаным жоқ. Оның 20 жылы ұстаздық етіп келем, — дейді ағаш шебері.

Ұсталық қасиет ордалы отбасындағы 13 ағайынды баланың ішінде сүткенжесі Қадырға қонған. Атадан балаға мұра болған ұсталық қасиетті бойтұмардай қастерлеп, ата жолын ардақтап жүрген жан бүгінде екі ұл тәрбиелеп отырған шаңырақ иесі. 

–    Енді қазір күнкөрісте бәскелестік орнаған заман. Әркім шамасына қарай еңбектеніп отбасын асырап бағуда. Аптасына 1-2 аспап жасаймын, тойға да тапсырыс келіп түседі. Бағасы қалтаға қонымды, базар нарығымен шамалас. Домбыра қашанда сұраныста, ал қобызды кәсіби музыканттарға қарағанда бақсылар көп жасатады. Жақында ғана Семейден отбасылы емшілер келіп бақсы қобыз сатып алып кетті. Керек десеңіз олардың сүйіктісіне айналғам. Бір-бірінен естіп келеді. Аталары аян берді деп қолдарына қажетті қобызының суретін салып әкеледі. Сынған, ескірген музыкалық аспаптарды жөндеймін. Бір күні өзіммен шамалас ер кісі менің шеберханама іздеп келіпті. Қолында көне қобызы бар. Ол әбден ескірген. 200 жыл тарихы бар аспапты 12 сағат бір орыннан тапжылмай жөндеп, әлгі бақсының батасын алып, шығарып салғаным бар, — дейді Қадыр Айтуғанұлы.

Қолөнер шебері өз қолынан шыққан сазды аспаптарда танымал адамдар да ойнайтынын айтады. Қадыр аға Сейфуллин Жолбарысқа «Жас Қанат» байқауында екібасты домбыра сыйлаған.

stan.kz