Ата-бабамыз жүріп өткен жол
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқып шыққан қалың жұртшылық ұжым болып, халық болып талқылауға кірісті. Бір сөзбен айтсақ, әркім көкірек көзі, көңіл таразысынан өткізіп, оймен еледі. Кемеңгерлікке таңдай қақты, кешегі тарихты мақтан ете отырып, болашаққа бағдар жасаған тұста, әр оқырманның санасындағы үміт тағы бір жарқ ете қалғаны сөзсіз.
«Жоқтан бар пайда болмайды, бар жоғалмайды» дегенді ескерсек, жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды алып отырған Қазақстанның ұлан-байтағы біреуден сыйға келмегені рас. Ол бір жағы, ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші десек, енді бірі, еліне, жеріне деген патриоттық пен сүйіспеншіліктің, бауырмалдық пен елдіктің халықтық тәрбиесінің жетістігі. Кешегі өткен даналарымыз бен батырларымыздың, хандар мен сұлтандарымыздың ауызбіршілік пен кемелдігінің арқасы деп түйген жөн шығар.
Тарих бәріне қызық, адамзат тарихынан орын алған ұлт мәңгілік екені сөзсіз. Сол тарихқа көз жүгіртіп, «Ұлы даланың жеті қырын» саралағанда қазақтың әр уақытта да, әр кезеңде де озық мәдениетімен алда тұрғандығының тағы бір куәсі болып отырмыз. Рас, қу таяқ, қос ішекпен «Нар идірген» немесе «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйген» шешендік, алмас қылыш сөз өнерін қазақтай бағалай да, бағамдай да алған халық ілуде біреу шығар. Бір сөзбен айту қиын әрине, «түркі әлемінің бесігі» десек те, «ұлы жібек жолы» туралы айтсақ та, болмаса, асауды ауыздықтаған алғашқы «қазақ», міне мұның бәрі біздің ата-бабамыздың жүріп өткен жолы. Сол сара жолдың тарихын зерделеу, тарихтану, оны заманауи үлгіде халыққа жеткізу алдағы күннің өзекті жұмысы екенін Елбасы «Архив–2025» бағдарламасы арқылы жүктеп отыр. «Зерттемесе ғалымға сын, тарихқа обал. Оқымаса, өз тарихын білмесе оқырманға, қазаққа сын» деген осы.
Елбасының мақаласын мұғалімдер қауымы да қызыға оқып шықты, таласа талқылады. Талдай отырып кешегіге көз жүгіртті. Шындықты көріп, әділдігін айтты. Елбасының халықшылдығын тағы бір тілге тиек ете отырып, әр мұғалім мақаланың мазмұнынан шығатын өзінің ертеңгі қадамдарын пысықтай отырып, мақсаттарын айқындады. Өйткені, сәулелі шырақты ары қарай алып жүретін қол керек емес пе? Ол – бала тәрбиесіндегі мұғалімнің ісі. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, мұғалімдер Елбасының әр Жолдауын, әр мақаласын халық жадына сіңіруде үлкен жауапкершілікпен қарайды. Себебі, мақсат біреу, елдің игілігіне жұмыс жасайтын адал да жасампаз, білімді, өз Отанын сүйіп, халқына қызмет атқаратын, еңбекқор саналы ұрпақты тәрбиелеу. Ал осындай өскелең жастың бойына Елбасының бойындағы барлық қасиеттерді сіңірмеу мүмкін емес.
Болат Сатаев