Ата-анасын қарттар үйіне тапсырғандардың жалақысынан 50 пайыз ұстау керек – депутат

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков ата-анасын қарттар үйіне тапсырған жандардың жалақасының 50 пайызын ұстау керек деген ұсыныс білдірді.
Ұсталған ақша ата-анасының шотына аударылады.
— Соғыс жылдарында салынбаған жетімдер үйі мен қарттар үйі бүгінгі бейбіт заманда бой көтерді. Сонау 90 жылдары еліміз тәуелсіздікті жаңа алып, дүкен сөрелері бос болған уақытта да қарттар үйіндегі қаракөз қариялар бірен-саран ғана болса, бүгінде 90 пайызы қазақ ұлтынан. «Қарттар үйі қара шаңырақ па еді?» Неге зейнетақы алатын күні қарттар үйінің алдында қымбат автокөліктер пайда болады? Не себепті ата аналарын қарттар үйіне тапсырады? Әлде ерлі-зайыптылар арасына ата-ана артық болды ма әлде жасы жеткен мүгедек қарияға қарау қиындық тудырды ма, болмаса жұмысының жүктемесі ауыр болды ма екен? Бірақ сол ата-анасы кішкентай кезінде қандай қиындық болса да, баласын тастамады ғой. Неке және отбасы туралы кодексінің «Кәмелетке толған балалардың ата-аналарын күтіп-бағу жөніндегі міндеттерінің» 145-бабының 1 бөлімінде «Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-анасын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті» және «балаларынан алимент өндіріп алуға құқылы, ол сот тәртібімен алынады», — деп Таңсәуле Серіков Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал жолдады.
Халық қалаулысының айтуынша, жоғарыда аталған заң талаптары орындалып жатқан жоқ.
— Ешбір кейуана өз баласына шағым түсірмейді, ешбір ата-ана алимент өндіруге не денсаулығы не намысы жібермейді. Сол себепті бұл бап орындалмайды. Сондықтан ата-анасын қарттар үйіне тапсырған, қараусыз қалдырған балалар, ата аналарының есепшотына тапқан жалақысының 50 пайызын мөлшерлеп міндеттеу керекпіз. Әрине, бұл қаражат ата-анаға деген құрметке тең келмейді, дегенмен материалдық өтеуі болуы керек. Сонымен қатар 70 жастан асқан қариялардың атында жылжымайтын мүлкі болса, өлер өлгенше басқа адамның атына рәсімдеуге тыйым салуымыз керек. Қазақ «Әке-шешең жынды болса байлап бақ, бірақ тастама» деген. Қартайып қызық көрер шағында қарияларымызды қаңғытпай, аялауымыз керек. Бұл әр азаматқа қатысты. Ата-анасын қадірлемеген адам өзінің тіліне, ұлтына, еліне, жеріне, мемлекетке жаны ашитын адам болуы мүмкін емес. Осыны естен шығармайық, — дейді ол.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты қарттар мен мүгедек жандардың ресми статистикасын келтірді.
— 2023 жылдың соңындағы мәлімет бойынша елімізде 51 қарттар мен мүгедектер үйі бар. Оның ішінде 43 мемлекеттік, 7 жеке және бір орталық шетел азаматының меншігінде. Қарттар мен мүгедектер үйлерінің ең көп саны Шығыс Қазақстан облысында 11 үй орналасқан, оның 6 мемлекеттік және 5 үй жеке меншікте. Шымкент, Алматы, Атырау қаласында және Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу мен Ұлытау облысында бір қарттар үйі бар. Ресми мәліметтер бойынша 2023 жылы қарттар және мүгедектер үйлерінде тұратын азаматтар саны 6 824 адамға жетті. Оның 950-і Астанада, 905 адам Шығыс Қазақстанда, — деп толықтырды Таңсәуле Серіков.