«Ата-ананы кінәлаудан аулақ бол»: Дина Төлепберген кедей болудан ұялмауға үндеді
Танымал тележурналист, қоғам белсендісі Дина Төлепберген балалық шағынан сыр шертіп, жоқшылықты көргенін айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тележурналистің айтуынша, адам арманына жету үшін, аянбай еңбек ету керегін еске салды.
“Менің анам – дәрігер. 103 қызметінде жұмыс істеген, 9 ай бойы жалақы алмаған. Сондықтан да күнкөрістің қамы үшін біз анамызбен масаққа барған жайымыз бар. Масақта пияз тердік. Сол пиязды үйге алып келеміз, оны майға қыздырып қуырамыз, нанға салып жейміз. Қандай керемет дәм. Сондықтан сіздерге айтарым: кедей болудан ұялмайық. Бірақ жақсы өмірге талпынбау – нағыз ұят. Меніңше, адам ашкөз болуы керек. Тағамға емес, талапқа, биікке, арманға… Сол арманын сатпай, адамды алдамай, биіккке ұмтылсақ, алынбайтын қамал жоқ, – деп кеңес айтты медиа маманы.
Одан кейін тележурналист мақсат арман туралы да ой бөлісіп, орындалмаған арманға, жүзеге аспаған жоспарға ата-ананы кінәлаудан аулақ болуға шақырды.
“Ашкөз бол деп айтар едім. Дүниеге емес, даналыққа, тамаққа емес, талапқа!
Мені көбі байдың қызы деп ойлайды. Бірақ бұл сөздің түбінде біршама бейнет, жоқшылық жатыр. Мені өсірген арман, межелі мақсат, сергек сенім.
Сондықтан абыройыңызды төгуден, ата-анаңызды кедей деп сөгуден аулақ болыңыз. Себебі ата-ана сізге бәрінен қымбат өмірді сыйлады. Ал бай-қуатты өмірге талпыну – сізден”, – деп жазды журналист.
Еске салайық, Дина Төлепберген екі қызы мен әйелін өртеп жіберіп, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа шыдаған әйелдің оқиғасын баяндаған еді.