Ата-анам «Желтоқсанға» қатысқанымды 30 жыл бойы білген жоқ

0
109

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 28 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Роза Өмірбекова 1986 жылы желтоқсанда алаңға шыққаны жайлы 30 жыл бойы өзінің ата-ана, бауырларына тіс жармаған. Тек 29 жыл өткенде ғана әлеуметтік желіде өзінің желтоқсаншы екенін жазған еді. Содан бері үш жыл өтті.  Роза Өмірбекова алғаш рет сексен алтының желтоқсанында алаңдағы жастардың не үшін бас көтергені жайында айтып берді.

«30 жыл бойы тіс жармауым мінезімнен»

Желтоқсандағы көтеріліске қатысқанымды айтпауым – мінезімнен. Мінезімнің тұйықтығыммен  сол кездегі қорқыныш та астасып жатыр. Отыз жыл бойы үндемедім. Отыз жыл бірге келе жатқан құрбыммен оңашада Желтоқсан көтерілісі жайында сөз қозғаған емеспіз. Содан бері отыз екі жыл өтті. Желтоқсан қозғалысына қатысқаным жайлы әңгіме айта бастағаныма үш жыл болды. Кеудедегі қорқыныштың басылғаны ма, әлде жүректегі жара жазылайын деді ме,  білмедім. Біраз кісімен кездейсоқ танысып қалып жүрдім.  Одан кейін Желтоқсан қозғалысы ұйымына хат жаздым.

«30 жыл бойы ата-анам көтеріліске қатысқанымды білген жоқ»

Үш жыл бұрын 15 желтоқсанға қарсы көңіл-күйім болмай жүрді де, әлеуметтік желідегі парақшама болған оқиға туралы жаздым. Жолдасым қатысқанымды біледі, бірақ осы уақытқа дейін ескі жараның аузын тырнап, «не болды? қалай болды?»  деп сұраған емес. Отыз жыл бойы ата-анам көтеріліске қатысқанымды білген жоқ. Туған-туыстарым да,  ата-анам да мұны көпшілікпен қатар білді. Бұл жайында менімен бірге алаңға барған 3 қыз ғана білді. Оқиғаның салдарынан жүрегім ауыратын болды. Оқуды бітіргенше «қашан оқудан шығып қалады екенмін?», «мені қашан ұстап алып кетеді?» деген сан сұрақтың шырмауында қорқынышта өмір сүрдім. Себебі менің өзімді үш рет алып кетіп, газет беттерінде шығарылған суреттерді көрсетіп, «мынау сен бе?», «бардың ба?», «кім үгіттеді?» деп сұраумен болды.  Соның бәрі мені қорқытып тастады. Төрт ай бойы тергеумен болды. Сол төрт ай отыз жыл үндемеуіме себепкер болды.

Өзім үйдегі он баланың үлкенімін. Ол кезде «мен – желтоқсаншымын» деп айту ұят болатын. Алаңға жастар шыққаннан кейін түрлі газетте желтоқсаншыларды ұятсыз, арақ ішкен, наша тартып алған деп жазды. Сол кезде ғана ата-анамды, артымнан ерген бауырларымды ойладым. Алаңға шыққандар жұрт алдында  жеңілтек болып көрінді. Ауылға барғанымда еститінім: «не деген оңбағандар», «ата-анасын ойламайтындар» деген сөз. Сондықтан ештеңе айта алмадым.

Ол кезде 18 жастағы бойжеткенмін

Алаңға группадан  үш қыз бардық. Ол кезде бірінші курста оқитын, ауылдан кеше ғана келген он сегіз жастағы бойжеткенмін. Түсте жатақханаға келдім. Келген соң бірінші хатшыны ауыстырып, орнына Колбин деген орысты әкеліп жатыр дегенді естідім. Асханада тамақ істеп тұрғанбыз. Ешқандай қағаз таратылған жоқ, үгіт-насихат жүргізілген жоқ. Сыбыр-сыбыр әңгіме тарап, бізге де жетті. Жастар алаңға шығып жатыр екен дегенді естідік. Неге орыс тағайындалып жатыр екен деген сөздер ғана болды. Менің баруыма түрткі болған «неге орыс тағайындалды?», «тіліміз не болады?»  деген ой. Себебі қоғамдық көлікке кіріп, қазақша сөйлесек, барлығы бізге жалт қарайтын. Ешкім қазақша сөйлемейтін. Алаңға барарда көтеріліске бара жатырмын, саяси жағдай болып жатыр деген ой мүлдем болған жоқ.

Бір бөлмеде тұратын үш қыз киініп алдық. Өзімізден жасы үлкен қыздар бармай қалды. Неге бармағанын білмеймін. Мен биік өкшелі аяқ киім киіп бардым. Сонша сағат жүретінімді білген жоқпын. Алаңға жиналғандарға басу айтып, үлкендер кезек-кезек сөйлеп жатты. Жас екенімізді, әрекетіміздің қате екенін айтумен болды. Сөзге тоқтамаған соң алаңдағыларға су шашты. Үстіміздің бәрі мұз болды, жер көк тайғақ. Артынша газ шашты. Газ шашқан кезде үйлердің арасына қашып кеттік. Жарты сағаттан соң қайта жиналдық. Солай кештің түскенін байқамай қалдық. Алаңға жиналғандар басшылықтан бір адамның келіп, Колбиннің сайланбайтынын айтып, мәлімдеме жасасын деумен болды. Одан кейін әскердің келетінін, тарқамасақ, күш қолданылатынын хабарлады.  Көліктерден 300-400-дей әскер түсті.  Сол жерде күзетте тұрған бір қазақ жігіт «қашыңдар» деп ымдағандай болды. Мен тауға қарай қаштым. Жатақхана тау жақта еді. 12-13 сағат биік өкшемен, аштан аш жүрдім.

Менің түрмеге қамалмауыма алдымен Алла, екінші Талғат Сайрамбаев атты ағай көмектесті. Таң атқан соң университетке сабаққа келдік. Ұйықтаған жоқпыз. Келсек, барлығы дүрлігіп жатыр. Бізді көрген бетте Талғат ағай: «-Тез жатақханаға кетіңдер. Беттеріңді бояйсыңдар ма, әйтеуір іскенін басыңдар», – деді.  Өзім қара торы қыз болсам да, бетім ісіп кеткен еді. Біздің тобымыз мықты болды. Басқа топта бірін–бірі ұстап беріп жатты.

Түрменің бір жерінде шіріп жатар ма едік?!

Үш жыл бұрын Нұргүл Бейсеева хабарласты. Біз бір топта оқыдық. «–Роза, біздің суретіміз газетке шықты», -деді. Газетті алып қарасам, суреттегі біз. «Жас Алаш» газетіне мақала шыққан, сол жердегі суреттен бізді таныпты.  Өзі сол жерде жұмыс істейді. Егер сол суреттен отыз жыл бұрын бізді танып қойса, түрменің бір жерінде шіріп жатар ма едік?! Білмейміз. Құрбым: «– Осы уақытқа дейін үндемедік. Мақала берейік. Айтайық. Ізденейік»,- деді.

Отыз жыл бұрынғы орыс тобының студенттері мен бүгінгі студенттерді салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Қазір алдыма келген студенттердің барлығы қазақ тілінің грамматикасын біледі. Ал ол кезде «әже» деген сөзді ежелеп өтетінбіз. Тәуелсіздіктің арқасында қазақ тілінің мерейі өсіп келеді.

Айгерім Таубай

«Қамшы» сілтейді