«Ата-аналармен бірге шешу керек»: Министр мектеп бағдарламасына жыныстық сауат туралы пән енгізуге қатысты пікір білдірді

0

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Обожаю YouTube-арнасына берген сұхбатында жыныстық сауат пәнін мектеп бағдарламасына енгізуге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрдің сөзінше, балаға тәрбие беру ісіне тек мектеп қана емес, ата-аналар да араласуы керек.

«Меніңше, дәстүріміздегі ерекшеліктерді ескерсек, балаларға білім және тәрбие беру керек. Биыл мектепке арналған біртұтас тәрбие беру бағдарламасында біз түрлі мәселелерді қарастырдық. Бірақ тәрбие дұрыс болуы үшін бұған ата-аналарды да араластыру керек. Бұған дейін де ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау орталығы ашылатынын айттым. Балаға тәрбие беруде ата-аналарға педагогтер көмек көрсетуге әзір», – деді ол.

Бейсембаевтың айтуынша, Қазақстан мектептерінде жыныстық сауат туралы жеке пән енгізілмейді.

«Көп жағдайда ерте жүктілік мәселесін шешуде бұл шаралар көмектеспеуі мүмкін. Тағы да қайталаймын, діліміздің, дәстүріміздің ерекшеліктерін ескеру керек. Сондықтан аталған мәселені ата-аналармен бірге шешу керек», – деп қосты Ғани Бейсембаев.

фото: primeminister.kz