Асырауындағы 6 балаға ит-мысықтың етін жегізіп, азаптаған «емші» қамауда отыр

0

Ақыл-есі кем адамдар қажетті емдеу мен тиісті бақылауды қамтамасыз ететін жағдайда болуы қажет

Атышулы қылмыстық іс бойынша шыққан қаулы негізінде «қамқорлығына және асырап алған балаларына қорлық көрсетті» деп айыпталған Ұлықбек Сманов жауапкершіліктен босатылған болатын. Созылмалы және психикалық аурумен ауыратыны және өз іс-әрекеттерін жасау кезінде ес-түссіз жағдайда болғанына байланысты мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шарасы тағайындалған. Алайда оның қазір тергеу изоляторында отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uniinform.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлықбек Сманов ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Шымкент қаласындағы №69 республикалық мемлекеттік мекемесінде қамауда отыр. Шымкент қалалық ҚАЖД редакция сауалына жауап ретінде оның тергеу изоляторында отырғаны туралы ақпаратты құрғақ растаумен шектелген.

Жазасын өтеуші сот тағайындаған жазасын өтеп жатыр. Оның денсаулығы туралы ақпарат жария етілетін ақпаратқа жатпайды. Сонымен бірге, сотталғандарға медициналық көмек көрсету Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына берілгенін хабарлаймыз, — делінген департамент жауабында.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі сот қаулысымен мәжбүрлеп емдеуге жіберілген науқастың жағдайы мен емдеу хаттамасы туралы ақпарат беруден бас тартты. «Дәрігерлік құпияға» сілтеме жасалған жауапта Қазақстан Конституциясына сәйкес, әрбір азаматтың жеке өміріне, оның ішінде жеке және отбасы құпиясын сақтауға құқығы бар екені көрсетілген. Тіпті, ауыр қылмыс үшін сотталған кезде де заң жеке өмірге сырттан орынсыз араласуға жол бермейді.

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 171-бабы мен 173-бабында сотталғандарға бөлек анықтама берілмеген. Олар психикалық және мінез-құлық бұзылыстары (аурулары) бар адам саналады, — делінген Денсаулық сақтау министрлігінің жауабында.

Белгілі заңгер Евгений Яворский де есі дұрыс емес деп танылған сотталғандардың шынымен де арнайы мекемелерде емделуі керек екенін атап өтті. Дегенмен кейбір жағдайларда, мәселен, орындар жеткіліксіз болғанда немесе ауыстыруды ұйымдастыруда қиындықтар туындаған кезде мұндай адамдар тергеу изоляторында қалуы мүмкін.

Неліктен Ұлықбек Сманов бүгінге дейін Ақтас ауылында орналасқан, еліміздегі жалғыз мекеме саналатын, қарқынды бақылаудағы мамандандырылған республикалық психиатриялық ауруханаға ауыстырылмаған? Бұл сұраққа да заңгер Евгений Яворский қасқаша жауап берген.

Оның емделуге жіберілгені туралы ақпаратты ескерсек, онда бұл уақытша шешім болуы мүмкін, — деп түсіндірді адвокат.

Оның айтуынша, іс жүзінде ақыл-есі дұрыс емес деп танылған адамдардың қажетті емдеу мен тиісті бақылауды қамтамасыз ететін жағдайда болуына кепілдік беретін шараларды енгізу қажет.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті «Ақпараттық қызмет» жүйесі жасаған құжатта Ұлықбек Смановтың 1993 жылы «абайсызда адам өлтіру» бабымен істі болғаны және психикалық ауытқуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылып, оның мәжбүрлеп емдеуге жіберілгені көрсетілген.

Еске сала кетсек, Шымкентте жергілікті «емшінің» 6 баланы қамқорлыққа алып, оларға ит пен мысықтың етін бергені, мал бақтырып, 3 жылдан бері азаптап келгені жазылған болатын.