Асықтан төсеніш пен ойыншықтар жасайды

0

Жиенхан мұғалім үйірме жүргізетін сынып іші таңқаларлықтай. Төрдегі дөңгелек үстелдің үсті толы әртүрлі түске боялған асық. Бір қатарды ала тізілген қамшы түрлері көрінеді. Ортадағы үстелде асықтан жасалған түрлі балалар ойыншықтары, емдік жаттығу жасауға арналған массажер-қызылды-жасылды түскен боялған төсеніштері бар.

Біз де асықтан жасалған санамақ, зырылдауық, түс ажыратқыж секілді ойыншықтарды қолымызға алып, таңқалып жатырмыз. Ізденіс пен жаңашылдыққа ден қойсақ, түрлі-түсті бояға малынған асықтардан осындай тамаша ойыншықтар жасауға болады екен. Оқушылар асық ойындарының түр-түрін ойнай да біледі.

Оқушылармен бірге асықтан құрастырып жасаған массажер төсеніштерге қызушылық танытып, тұрғындар тарапынан сұраныс түсе бастапты. Асықтан жасалған ойыншықтарға, төсеніштерге балабақшалар да тапсырыс беруде.

Тіпті, төсеніштің аутизм дертіне шалдыққан балалар үшін де, кішкентайлардың тәй-тәйлап жүруі кезінде де пайдалы. Төсеніштің бағасы 8 мың теңге. Бір массажер төсеніш жасу үшін 100 асық қажет. Жиенхан ағамыз алты жыл ішінде мектеп оқушыларымен бірге 3000-нан астам асық жинаған. Қара малдың да 40 шақты асығы кездеседі.

— Ауылда өскен бүкіл қазақ баласы асықты бала кезден ойнап өсті. Таңсық емес. Бірақ, қазір таңсық болатын себебі, асықтан ойыншық та, денсаулыққа пайдалы құрал да жасап шығаруға болады екен. Біздер жасаған ойыншықтар мектептер мен балабақшаларда әдістемелік құрал ретінде қолданса да болар. Жобаны қолға алмас бұрын адам денсаулығына пайдасын білу үшін зерттеп, мәліметтер жинақтадым,-дейді Жиенхан ағамыз.

Енді ойыншықтарды, төсеніштерді дайындау технологиясына келетін болсақ, Жиенхан ағамыздың айтуынша, алдымен асықтарды тұз қосылған суда тазартып, жуып алады. Жуған соң, сүйектегі май, басқа заттардан тазаратыны белгілі. Осыдан кейін әртүрлі түстерге боялады.

Ал, ойыншық санамақ, зырылдауық, түс ажыратқыштардың бағасы 4000 теңге. Санамақтардың біразын балабақшаларға сыйға тартыпты.

— Асық жинау, қамшы өруге арналған қолөнершілер үйірмесі 2004 жылдан бастап жұмыс жасап келді. Алғашқы кезде үйірмеге таңсық көріп 20-шақты оқушы келетін болса, қазір қызығушылық өте жоғары. Қамшының адамның бойына күш-жігер беріп, рухтандыратын қасиеті бар. Асыққа, қамшыға, салт-дәстүрге, қолөнерге деген жақындық қанымызда бар нәрсе болған соң, ұрпағы да алыс кете алмайды екен,-дейді Жиенхан аға.

Біз көргендей-ақ, үйірмеге тұрақты қатысатын Нұрбол Берікбол, Хақабай Аңсат, Мұратбек Ақжол,Қабдығалым Алдияр, Өсерхан Ақжол сияқты оқушылар қамшының қайысын дайындау тәсілін, одан кейін өруді және саптауды қалай үйренгендерін көрсетті. Қамшының өрімін төрт, алты, сегіз, он екі, он төрт, он алты таспадан өреді. Осы жерде қамшыны қалай өріп, қалай саптауды көріп, үлкендердің өзі бұрын неге үйренбедік деп ойланып қалуы да мүмкін.

Жиенхан ағаның айтуынша, қамшының асау қамшы, қызқуар, көкпар, дырау, дода қамшы, бақсы қамшы, бозбала, бәйге, дүре қамшы,сарыала қамшы, жылан бауыр, бала қамшы, ақ қамшы, қанжар қамшы, киелі қамшы деген жиырмадан аса түрі бар екен. Әрқайсысы әртүрлі өрілген, қолданылу мақсат-міндеті, ережесі, жеке тәртібі бар.

— Мына сабы жуан, қолға ұстауға ыңғайлы бұл асау қамшы. Қызқуар қамшыны қыз қуу кезінде ұстайды. Көкпар қамшы–бүлдіргесі ұзын, сабы жіңішке, ауызға тістей салуға ыңғайлы сапталған. Дүре қамшы қазір керек-ақ!–деп Жиенхан ағамыз әзілдеп жатыр.

Біз әңгімелеп отырған Жиенхан Қаманайұлы 1991 жылдары атажұртқа алғашқы лекпен оралған қандастарымыздың бірі. Бұл күндері Ақсу қаласына құрасты ауылдық аумақтарда негізінен Монғолиядан оралып, атамекенге орныққан балалы-шағалы көп балалы отбасылар тұрады. Мектептерге бала толды.

Мектеп директоры Бижамал Ақтаеваның айтуынша, облыс әкімі Болат Бақауовтың қолдауымен мектепке толық күрделі жөндеу жасалды. Жарқырған ауыл мектебінде оқитын 206 оқушының бәрі дерлік елге оралған ағайындардың ұл-қыздары.

Ел шетінде жүрген ағайынмен бірге ұмытылып бара жатқан бұрынғы салт-дәстүр, ұлттық ойындар,қамшы секілді қасиетті заттарымыз ортамызға қайта оралды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы өткеннің жаңғыруына, санамызға ұялауына жақсы жігер қосты.

— Әрине, біз Жиенхан мұғалімнің рухани жаңашылдығы үшін қуаныштымыз. Қолдаймыз. Оқушыларымызға үйірме ашып, қолөнер, ұлттық өнер шеберлік сабақтарына топтасырған еңбегіне ата-аналар да риза. Мектебімізде ашылған асық, қамшы үйірмесі ауылда ғана емес, қазір Ақсу қаласындағы «Балалар эко-техно орталығында» №1, №8 лицей-мектептеріндегі үйірмелерге шақырту алып, жетекшілік етеді,-дейді мектеп директоры.

— Тіпті, ойыншықтарды, төсеніштерді, асық ойнайтын жиналмалы үстелімді, асықтарымды салып алып мерекелік шаралар кезінде, мектеп, балабақшалар шақырса көшіп те жүремін,-дейді Жиенхан аға оюлы қоржынын көрсетіп,-үстелді жайып жіберіп қай жерде болсын асық ойнай беруге болады.

Фарида БЫҚАЙ, 

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы,

М. Омаров атындағы ауыл

Дереккөз: http://egemen.kz/