Асықтан ойыншық жасайды
Шағын бөлме іші асықтан жасалған түрлі-түсті ойыншықтарға көмкерілген. Бір қатарды ала оқушылардың қолдарынан шыққан қамшылар қаз-қатар ілініпті. Ізденіс пен жаңашылдыққа ден қойған шеберлер енді массаж төсеніштерін жасауға кірісіпті. Қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс та жоғары. Асықтан жасалатын бір төсенішке орта есеппен 100-дей асық кетеді.
– Асықты бала кезден ойнап өстік. Асықтан денсаулыққа пайдалы осындай төсеніштер жасауға болады. Көбіне омыртқа ауруларына жақсы әсер етеді. Біз жасаған ойыншықтарды мектептер мен балабақшаларда әдістемелік құрал ретінде қолданса да болар еді. Жобаны қолға алмас бұрын адам денсаулығына пайдасын зерттеп, мәліметтер жинақтадым, – дейді Жиенхан.
Ойыншықтар мен төсеніштерді дайындау технологиясы анау айтқандай қиын емес. Алдымен асықтарды тұзды сумен жуып майынан тазартып алады. Осыдан соң түрлі түске боялады.
– Асық жинау, қамшы өруге арналған қолөнершілер үйірмесі 2004 жылдан жұмыс істеп келеді. Бастапқыда 20 шақты оқушы болса, қазір қызығушылық өте жоғары. Қамшының адамның бойына күш-жігер беріп, рухтандыратын қасиеті бар. Асыққа, қамшыға, салт-дәстүрге, қолөнерге деген жақындық қанымызда бар нәрсе болған соң, ұрпағы да алыс кете алмайды екен, – дейді Жиенхан Қаманайұлы.
Қолөнер шеберінің айтуынша, қамшының асау қамшы, дода қамшы, бақсы қамшы, бозбала қамшы, бәйге қамшы, дүре қамшы, сарыала қамшы, бала қамшы, қанжар қамшы, киелі қамшы деген жиырмадан аса түрі бар.
– Мына сабы жуан, қолға ұстауға ыңғайлысы асау қамшы деп аталады. Қызқуар қамшыны қыз қуу кезінде ұстайды. Көкпар қамшы – бүлдіргесі ұзын, сабы жіңішке, ауызға тістей салуға ыңғайлы сапталған. Дүре қамшы қазір керек-ақ!–деп әзілдей сөйлеген Жиенхан ағамыз әр қамшының қолданылу ерекшелігі туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Аталған үйірменің тұрақты мүшелері Нұрбол Берікбол, Хақабай Аңсат, Мұратбек Ақжол, Қабдығалым Алдияр, Өсерхан Ақжол сияқты оқушылар сый-сияпаттың төресі, шаңырақтың киесі болған қамшы өрімін жатқа біліп тұр.
Мектеп директоры Бижамал Ақтаеваның айтуынша, облыс әкімі Болат Бақауовтың қолдауымен мектепке толық күрделі жөндеу жүргізілген.
– Әрине біз Жиенханның рухани жаңашылдығы үшін қуаныштымыз. Оқушыларымызға үйірме ашып, қолөнер, ұлттық өнер шеберлік сабақтарына топтастырған еңбегіне ата-аналар да риза. Мектебімізде ашылған асық, қамшы үйірмесі ауылда ғана емес, қазір Ақсу қаласындағы «Балалар эко-техно орталығында» №1, №8 лицей-мектептеріндегі үйірмелерге шақырту алып, жетекшілік етеді, – дейді мектеп директоры.
Фарида БЫҚАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы,
М.Омаров атындағы ауыл
Дереккөз: http://egemen.kz/