Асылхан Төлепов: Айлығым — 117 мың, ал пәтерақыға 160 мың төлеймін

0

Асылхан Төлепов 15 жыл бойы отбасымен жатақханада тұрғанын айтты. Актер әкесінің тәрбиесі мен қазіргі табысы, болашаққа жоспары жайлы Тимур Балымбетовтың Er-Batyr жобасында айтты.

Асылхан анасына да, әкесіне де жақын болып өскенін айтады. Қолы тигенде, әкесіне массаж жасап бергенді ұнататын актер бұл қылығын кей достары түсінбейтінін айтып өтті.

«Әкемнің арқасын, аяғын уқалап беремін. Әкем жақсы көреді. Әңгіме де сол кезде туады ғой.

Кейбіреулер «қалай аяғын» деп таңғалады. Ұстаған бір бөлек, сен сүю керексің», – дейді Төлепов.

Қазіргі уақытта жанұясымен Нұр-Сұлтанда тұрып жатқан Асылхан елордаға аттанарда ата-анасын қимай қиналғанын айтады. Үйдің кенжесі болғандықтан, түбі әке-шешеммен тұрамын дейді.

«Мен ол кісілердің қасында болуым керек. 30 жыл бойы бізді қанаттарының астына алды, енді әрі қарай өмірінің соңына дейін біз алуымыз керек.

Артурға «сен папалардың қасында бола тұр» деп айттым. Мен өзім бір орында отырмайтын адаммын, қай жерде жұмыс бар, істей беремін. Астанада бір емес, екі жерде жұмыс істеймін. Қай жерде екенін айтпай-ақ қояйын, тағы бір табыс көзім бар.

Өйткені менің айлығым – 117 мың. Ол жақта 160 мыңға пәтер жалдап тұрамын. Театрдың ақшасын соған жабамын да, басқа жерден ақша аламын.

Концерт жүргізіп қаламын, түсірілімдер болады. Концерттер жоқ қой қазір, негізі шақырту да көп түспейді.

“Жылайтын уақыт жоқ, жылайтын заман емес, жұмыс істеу керек. Адал еңбегің сені ешқашан далада қалдырмайды. Мына жерде айлық аз деп отырмау керек. 2-3 жерде жұмыс істе, көр, тәуекел ет. Кәсіп баста, әрине” басында ұрынасың», – дейді Асылхан ағынан жарылып.

Асылхан бұрынырақта отбасымен 15 жылдай жатақханада тұрғанын жеткізді.

«Әкем артық сөз сөйлемейді. Жатақханада тұратын адамдар «Осы кісі сөйлей ме?» дейтін. Қалжыңдасады, әрине. Бірақ артық сөйлемейді. Өтірік айтқанды ұнатпайды. Жүрегінде иманы бар, қанша жылдан бері бес уақыт намазы бар.

Жігітке қандай тәрбие керек, бәрін берді. Қарапайым отбасы болсақ та, қарапайым жұмыс істеп жүрсе де, әкеміз еркектік мінезін, еркектік қасиетін жоғалтпаған адам. Біз де соған ұмтылуға тырысамыз», – дейді Төлепов.