Асылдың сынықтары сыртта жатыр

0

Ұлы дала төсіндегі ғасырларлар тастаған іздің барлығы да «мың өліп, мың тірілген» қазақтың тари­хы­­мен байланысты еді. Баба­лары­мыз тарихын тасқа жазып кеткен десек те, жел мен күн тиген тастың өзі де мүжіледі. Уақыт өткеннің бә­рін алдағы күнге апара бермейді, ұмыт­тырады. 

Адамзат өркениеті көрінісінің бірі архивтің пайда болуы тарихымызды уақыт шаңынан қорғады. Жері­міз бен халқымыздың өтке­ніне, дара тұлғаларымызға қатыс­ты көптеген мәлімет асылдың шашылған сынығындай болып, сырт елдердің архивінде жатыр. Қостанай мемлекеттік облыстық архивінде елдің, жердің өткені­не куә құжаттар тек 1919 жылдан бергі уақытты ғана қамтиды. Бұл хал­қы­мыздың сонау ғасырлар қойнауына бастайтын тарихына қара­ған­да теңіздің тамшысындай дүние емес пе? Аға буынның айтуынша, ғасыр басында лаңдатып, жүрген жерін қырып-жойып өткен Колчак армиясы Қостанайдағы архивті өртеген, шашқан дейді. Құнды құжаттың барлығын алып кеткен деген де мәлімет бар. Одан кейінгі бірнеше жыл бойы құрылымдық өзгерістерге бай­ланысты облыстың деректі құжат­тары Солтүстік Қазақстан ар­хивіне өткізіліп отырды. Ең өкінішт­ісі, халқымыздың рухани бәй­те­рек­терін берген Қостанай өңірін­дегі архивтерден Шоқан, Ыбырай, Алаш арыстары секілді бірегей тұлғаларға қатысты құжаттар табу қиын. Олардың Ресейдің Қазан, Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челябі секілді басқа да қалаларындағы архивтерде жатқаны да белгілі. 

Ал біздің білмейтініміз қанша­ма десеңізші?.. Тіпті Қостанай қала­сына қатысты құжаттар да Санкт-Петербург, Мәскеу архивтерінде жатыр. Ресей империясының боданында болған 300 жыл қазақтың өз жоғын жоқтауына да шамасын келтірмеді. Отарлық сана өз жерінің қойнауындағы байлығын да, өз ұлдарының тектілігін де өгейсітті. Өткенге салауат. Тәуелсіздік­тің келуімен қамыттан босаған сана да жоғын түгендеумен келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен жүзеге асқан «Мә­дени мұра» бағдарламасы ар­қылы қыруар іс тындырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да хал­қымыздың өткенін мақтан тұтып, барын бағалауға, көнені жаң­ғыртуға ұмтылдырады. Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақа­ласында архив мәселесі дер уа­қытында көтерілді. Көп жұмыс «Архив-2025» жетіжылдық бағ­дар­­ламасын күтіп жатқандай еді. Тарихымызға қатысты көп­те­ген мәліметтер сырт елдер архивін­дегі сөрелерде шаң басып жатыр, олар жеткілікті зерттелмеген. Тарихшылар зерттелген құ­жат­тардың қай архивте жатқанын біл­генмен, оның түпнұсқасы елге әкелінбеген. Мысалы, кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтынсаринге қатысты құжаттардың түпнұсқасы Қазанда жатыр. Ал оны неге өз архивімізде сақтамаймыз? 

Арысын айтпағанда, ХХ ғасыр­дың өзінде Ұлы даланың төсі не құ­қай­ды көрмеді дейсің? Сол оқи­­ға­ларға қатысты құжаттар Ресейдің Қостанаймен көрші Челябі, Екатеринбург, Орынбор, одан қалды Том, Омбы, Мәскеу мен Санкт-Петербург, Подольск және басқа да қалаларындағы ар­хив­терде жатқаны аян. Осы жағ­дай­лардың барлығын қорыта оты­рып, жақында облыстық ақ­па­рат­тандыру, мемлекеттік қыз­мет­тер көрсету және архивтер басқармасы құрамына архивші­лер, тарихшылар, өлкетанушылар және журналистер кіретін жұмыс тобын құруға пәтуаласты. Басқар­ма мамандар мен ғалымдардың басын қосып, «дөңгелек үстел» өткізгенде жұмыс тобының құ­рамы да бекітілетін болады. Жұ­мыс тобы алдымен шетелдік және отан­дық архивтердегі құжат­тар­дың тақырыбын анықтап, оларды уақытына, маңызына қарай талдап, бөлу үшін егжей-тегжейлі жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар бұл жобаны қаржыландыру, шетелдік архивтерден маңызды құжаттарды сатып алу мәселелерін анықтау да шешімін табады деп ойлаймын. 

Біз сырттағы архивтерден тари­хы­мызға қатысты құжаттардың түпнұсқасын, көшірмесін елге жеткізу жұмыстарын үш кезеңмен жүзеге асырамыз. Бірінші кезең­де Ресей Федерациясының өзі­міз­ге іргелес Челябі, Орынбор, Ека­те­рин­бург, Қорған және одан әрі­рек Омбы, Том, тағы басқа қала­ларын­да­ғы архивтерімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасаймыз. Аталған қалалардағы архивтерде не бар, не жоғын анықтау да осы кезеңнің еншісі болады. Одан кейін­гі кезеңде Мәскеу мен Санкт-Петер­бургтегі, Татарстан, Баш­құрт­стандағы құжаттарды анықтау мен оларды сатып алу жөнінде жұмыстар жүргізу тұр. Үшінші кезекте Түркия, Иран, Қытай, Еуропа елдерінің архивтерінде де Қос­танай-Торғай өңіріне қатысты құ­жат­тарды іздестіруді қолға аламыз.

Жалпы, Ресей архивтерімен жұмыс істеу тәжірибесі бізде бұ­рын­нан бар. Біз 1999 жылдан бас­­тап бұл елдегі, әсіресе, шекара­лас обл­ыстардағы архивтермен бай­ланыс орнаттық. 2001-2004 жыл­дар ішінде Омбы, Челябі, Ека­т­ерин­бург қалаларындағы ар­хив­терден Қостанай өңірінің ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы та­ри­хы­на қатысты бірсыпыра құ­жат­ты анықтап, олардың көшір­­месін алдық. 2013-2017 жыл­дар ара­лығында Мәскеудегі, Татар­стан­дағы әріптестермен байланыс орнаттық. Енді нақты жоспар, бағ­дар­лама бойынша осы жұмыс­тар жемісті жалғасын табарына сенемін. 

Алдымызда «Архив-2025» бағ­дар­ламасы бойынша өте ауқым­ды жұмыстар тұр. Оған дайын­дық та керек. Соған орай Ел­ба­­сының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрісімен оны жұртшылыққа таныстыру ісін біз де қолға алдық. Көпшіліктің бірнеше рет басын қосып, мақаланы талқыладық. «Қостанай облысының үздік архив қызметкері» атты байқау өткіздік. Бүгінде архивтерде, қоғамдық мә­дени орындарда «Елбасы Қос­танай жерінде», «Тобылдағы қала­шық», «Уақыт тереңінен» атты фото­құжаттық көрмелер мен тақы­рып­тық экспозициялар жасау ісі жал­ғасып жатыр. «Қостанай өңірі­нің танымал адамдары» атты серия бойынша «Еңбек сіңірген дәрі­герлер» атты көрме дайындалып жатыр.

Елбасы мақаласынан бастау алған иігілікті іс тек архив қыз­мет­керлерінің жұмысымен бітпейді. Бұл тарихшы ғалымдардың, өл­ке­тану­шылардың, халқымыз бен Отаны­мыздың тарихына жай қарай алмайтын тағы басқа да зерт­теу­шіл­ердің жұмыла көтеруімен, тия­нақты еңбегімен жүзеге асады. 

Салтанат ТАСШАНОВА,

Қостанай облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архив басқармасының бөлім басшысы

Дереккөз: http://egemen.kz/