Асылан Тілеген. Саған жетіп осынау қармен бірге, бəрін айтқым келгені…

0

Тірлік біткен көркіме таңғалсын деп,

Аяқасты ұшқындап қар жаусын кеп.

Саған жетіп осынау қармен бірге,

Бəрін айтқым келгені…

Жан даусым кеп…

 

Жоқ, сенбеймін,

Жабығып, торыққам жоқ,

Сен ойлайсың «күйімді жан ұққан» деп.

Саған жеткім келеді мен де ұшқындап,

Сəлден кейін басылам мамық қар боп.

 

Қар мамықтар…

Ұнайды маған осы,

Тоңғақ талдар,

Ақ шамдар,

Қала кеші.

Қармен ұшып жетпедім,

Жете алмадым,

Болмағандай жанымның дəнеңесі.

 

…Ақ мамық қар жарасар енді маған,

Ғажабыма телміртіп…

Тоңдыра алам…

Қар ұшқындар əлі көп…

Жылы киін,

Бір шетінде тағдырдың сен жүр аман…

***

Бұл күннің таптық қайдан көркемдігін,

Мына күн бүгінгі күн емес мүлде,

Адасқан кешегі əлде ертеңгі күн.

Төгіп тұр əлдеқайдан жап-жарық нұр,

Бір өлең жазғанымша күн өзгерді,

Ал қазір Алматыда қар жауып тұр.

Сол үшін алғыс айттық біз Құдайға,

Сыйыңа алақайлы адам біткен,

Қалдырып бара жатыр күзді қайда?

Уақытқа қараңызшы – қараша əлі,

Сұлу қыз кемпір рөлін сомдағандай,

Неге ерте оранады қала шəлі?!

Жанымыз қалды біздің ұзақ қанша?!

Мархабат, мен қалайын күз-сұлуды,

Көңілден көз ұшына ұзатқанша.

***

Үнсіздікте

Өмір бардың мысалы,

Алай-дүлей көңіл бардың мысалы –

Жауып тұрған мына қар.

Үнсіз,

Тілсіз жұбатар.

Жауатыны – жаңбырдай,

Қонатыны – (паң) қылдай.

Құдайым, мұны кешер ме ең,

Нөсерден көркем десем мен.

Көктемгі жаңбыр жылатып кеткен еді ғой,

Тағы бір мұңы бүр атып кеткен еді ғой.

Ал мынау жауған үнсіз қар,

Жұбатып тұр ғой,

Үр аңқып тұр ғой.

Мұң сыздар.

Жауыңдар əлі,

Жауыңдар таңға,

үнсіз қар.

Үнсіздігіңнен үрдей аяулы жыр сыздар.

Аяққа мына тапталу үшін емес-ау,

Шаттану үшін жалғыздық жандар,

Жүрекке жауып тұрсыздар.

КҮЗГІ ҚАР

Бірдемде қылығына ұйытты ерік –

Шашылған тілім жасын жиып-теріп.

Алдымда шашын өріп ару күз тұр,

Үстіне əппақ көйлек киіп көріп.

 

Қимадым күз көңілін – қыз көңілін,

Қар əнін қалықтатар біз бе бүгін?!

Көйлегі ардай əппақ ару күздің,

Көзінен тамған жасы сызды ерінін.

 

Кінəлі шығар оған күйбең біздің,

Келмейді ардай əппақ түймеңді үзгім.

…Көңілін жұбатуға тұрмын қимай,

Үстіне əппақ көйлек киген қыздың…

***

Үнсіздігіміз секілді біздің,

Мұңсыз күніміз секілді біздің.

 

Нəзіктігің секілді сенің,

Жазықтығым секілді менің.

 

Ұяңдығың секілді сенің,

Қиялдығым секілді менің.

 

Кіршіксіз сенетініңдей сенің,

Бəріне көнетінімдей менің

 

Қар жауып тұр…

ҚАРКЕШКЕН

Күртік кешкен еліктейін ербеңдей,

Қыз келеді діріл қағып, жан жібіп.

Сұлу қызбен ойнағысы келгендей,

Үстіне қар төгіп берді тал-жігіт.

 

Сəл мұңайды қыз «сауықшыл жігітке»,

Тосын сыйын күтпегендей-күткендей.

Үңілдім мен, жатыр онда бұғып не?! –

«Мүсəпірдің жетім хəлін ұқ мендей.

 

Ұқсатарың қайда арыңды қарға аппақ,

Көктен түскен қар дегенің – жəй ақ па?!

Иілгенше көтердім мен салмақтап,

Тірлік біткен баспау үшін аяққа.

 

Солай, сұлу, осы менің борышым,

Тəтті арыңды – ақ қарыңды ұшырма.

Жерге бермей, саған төктім сол үшін,

Ерісін деп ерініңнің ұшында».
ЭТЮД

Тереземнің дәл алдында күнде осы,

Азалыдай Алматының күн, кеші –

Кебінге орап, қаумалай кеп қар біткен,

Жерлеп жатыр жапырақтың мүрдесін.


Жауған қардың желігінде жүр үнім,

Жоқтау айтқан жел үнінде тұр үнім.

Айырбастап алғым келіп тұрмын мен,

Жар басында жалғыз тал,

Қалтыраған жапырақтың ғұмырын.

КӨЛЕҢКЕ

Айдап келді жел еркесі,

Аппақ қардың көлеңкесін –

Жүрек-жайға қонып жатқан,

Секілді екен өлең көші.

 

(Өлең көші,

Қош келесің!

Елемеңіз ештеңесін.

Жүрек-мекен күтуде əлі,

Неге, неге бос келесің?!)


Көлеңкесі көркем екен,

Жан-жарықты өртер екен.

Аппақ қардың көлеңкесі!

Қалай оны еркелетем?!

 

Көлеңкеге аттап ерем,

Қата алмады – қат деген ем.

Жауып жатыр, қонып жатыр,

Жүрек-жайға аппақ өлең.

 

Жарды ойладым – əз күндерді,

Көлеңкелі саз бүрленді.

…Қар жауып тұр, қар жауып тұр,

Жазғым келді, жазғым келді.

Дереккөз: http://egemen.kz/