Асыл тұқымды ірі қара азайып барады
Қазақстанның халық саны аз, жер аумағы өте кең. Жеріміздің басым бөлігін шабындықтар мен жайылымдар құрайды. Мал шаруашылығын дамытпайынша, сол жайылымның қызығын көре алмайтынымыз анық. Мал бағу – қазақтың ата кәсібі. Енді осы кәсіпті жаңа заман талаптарына бейімдеуіміз керек. Сонда мыңдаған жыл бойы шұғылданып келе жатқан ежелгі кәсіп жаңа қырынан дами түсетіні анық. Жылдан-жылға саны артып келе жатқан адамзат қауымының табиғи және сапалы азық-түлік өнімдеріне сұранысы да уақыт өткен сайын өсе түсуде. Бұл біздің еліміз үшін зор экономикалық мүмкіндік деуге болады.
Мал өнімдерінің экспорты дегенде, алдымен ауызға сиыр еті ілігеді. Себебі сиыр етін өткізу нарығы жылқы мен қой етіне қарағанда, әлдеқайда ауқымды. Көршілес Ресейдің өзі жылына жүздеген мың тонна сиыр етін шетелдерден сатып алып отыр. Сиыр етін бүкіл әлем халқы тұтынады. Сондықтан оны экспорттауды дамыту бағытында елімізде шетелден асыл тұқымды сиырлар әкеліп, ірі қараның сапасын арттыру, сол арқылы ет экспортын санаулы жылдарда 60 мың тоннаға дейін жеткізу жөнінде ірі бағдарлама қабылданған болатын. Өкінішке қарай, бұл бағдарлама белгіленген мерзімде жүзеге асырылмады. Дегенмен, ет экспортын аз уақыт ішінде дамытуға әсерін тигізгені анық. Қолда бар деректерге қарасақ, соңғы бес-алты жыл көлемінде елімізден экспортталған сиыр етінің көлемі соңғы жылдары 1-2 мың тоннадан 12-15 мың тоннаға дейін көтерілген көрінеді. Дегенмен, оны 60 мың тоннаға жеткізудің ауылы әлі алыста.
Әрине, биік меже қойылып отырған кезде сырттан асыл тұқымды сиыр сатып әкеліп, еліміздегі ірі қараның тұқымын асылдандыру ісі бір есептен қолдауға лайық шара. Дегенмен, бұл істің тиімділігіне тоқталғанда оны қолдайтындармен қатар, қолдамайтын адамдар да бар. Қалай болғанда да елде бұрыннан бар, әбден жерсіндірілген асыл тұқымды малды сақтап, селекциялық жұмысты жіті жүргізу арқылы оның сапасын арттыру – мал шаруашылығымен шұғылданатын кез келген ел үшін басты міндет. Барыңды бағалай білу – заман сынынан өтіп келе жатқан ең тиімді тәсілдердің бірі. Демек, сырттан мал импорттаумен қатар, өзімізде бұрыннан бар асыл тұқымды малды көбейту ісін назардан тыс қалдырмау керек.
Отандық асыл тұқымды ірі қара туралы айтқанда, алдымен 1930 жылдардан бастап өсіріле бастаған қазақтың ақбас сиыры еске түседі. Ақбас сиыр – Қазақстанның мал шаруашылығының брендтерінің бірі. Асыл тұқымды ірі қара ішінде ең кең тарағаны да, шаруашылықтарға көбірек пайда әкелгені де – ақбас сиыр. Ақбас сиыр басын көбейтіп, етін экспорттау мал шаруашылығын дамыту бағытына да сай келеді.
Өкінішке қарай, еліміздің мақтанышына айналған ақбас сиырдың саны жыл санап азайып барады. 1992 жылы 1 миллион 16 мың бас сиыр болса, 2018 жылы 271 мың басқа дейін, яғни 3,7 есе азайып кеткені осыны көрсетеді. Еліміздегі ірі қараның жалпы саны 1990 жылдардың басында 10 миллионға жетіпті. Мал шаруашылығындағы дағдарыс барынша белең алған 2000 жылы 4 миллион басқа дейін құлдырап барып, 2018 жылы 7 миллиондық деңгейге қайта көтерілген екен.
Кеңес өкіметі кезінде барынша тиянақты жүргізілетін селекциялық жұмыстардың тоқырауы, мал тұқымын асылдандыру ісінің назардан тыс қалуы осы асыл тұқымды мал басының азайып кетуіне себеп болғаны түсінікті. Ақбас сиыр етті мал болып есептелетіндіктен, елімізде осы мал түрі бірінші кезекте базар сөресіне шығарылды, ал сойылған малдың орнын толтырып отыру ойластырылған жоқ. Енді келіп сондай асыл тұқымды сиырларды шетелдерден қымбатқа сатып алуға мәжбүрміз. Шетелден әкелінген мал жерсіне ме, өнімі қалай болады? Ол жағы да әзірге белгісіз.
Бұл орайда, басты үміт – жеке шаруашылықтарда. Шетелден сатып алынып жатқан малдың барлығының иесі жеке шаруалар. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегендей, жеке шаруалар қолында барын іс қылатынына сенуге болады. Алайда жеке секторда жүргізіліп жатқан селекциялық жұмыстар, мал тұқымдарын асылдандыру мәселесі ғылыми талаптарға қаншалықты сәйкес келеді? Оны әлі анықтай түсу керек.
Жалпы, бір бас асыл тұқымды мал өсіру үшін 20-30 жыл уақыт керек екен. Ғалымдар мен мал иелері үлкен күш-жігер жұмсап, осынша уақыт бойы үздіксіз жұмыс істемейінше, нәтиже шығару қиын. Қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры да осындай ұзақ жылғы еңбекпен өсірілген-ді. Бұл туралы Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры, профессор Қабыл Исабеков:
– Қазақстанның жергілікті ірі қара малының тұқымын жаппай жақсарту жұмыстары 1931-1932 жылдары герефорд тұқымының бұқашықтарын елімізге әкелуден басталды. Барлығы 800-ден астам бұқашық әкелінді. Оның 644 басы – уругвайлық, қалғаны – ағылшындық болды. Сөйтіп Қазақстандағы жергілікті малды герефорд бұқаларымен будандастырудан 1933 жылы алғашқы будандар пайда болды. Бірқатар кеңшарларда бірінші, екінші және үшінші қатардағы будандар 1936 және 1939 жылдары алынды. 1949 жылы КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің комиссиясы шаруашылықтарда жаңа тұқымды шығару барысымен мұқият танысып, алынған жаңа малды жеке тұқым ретінде тануға болатынын айтты. КСРО Министрлер Кеңесі 1950 жылдың мамырында жаңа тұқымды бекітіп, оны «Қазақтың ақбас тұқымы» деп атады. Осы тұқымның авторлары деп танылған Н.Ғалиакберов, М.Гордиенко, Б.Мусин, А.Ланина, Я.Степаненко, В.Субботин, Б.Бай, К.Жувасов, П.Мельниченко, Ж.Чикимбаев, А.Хлатин, У.Мусин және басқалар КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды, – дейді.
Міне, осылайша жаңа тұқымның пайда болуына жиырма жыл уақыт жұмсалған. Профессор Қабыл Исабеков басқа тұқымдармен салыстырғанда, қазақтың ақбас тұқымының биологиялық артықшылықтары айқын көрінетінін айтады. Атап айтқанда, ақбас сиыр жайылым мен азық талғамайды, жем-шөбі мол болса тірілей салмағы да аса жоғары, өз төлі есебінен көбеюге бейім, табиғи ортаға тез үйренеді, ұзақ жолға шыдамды, тұяғы берік… Міне, осындай қасиеттерінің нәтижесінде қазақтың ақбас сиыры ондаған жыл ішінде елімізде ең көп тараған етті сиыр тұқымына айналды. Республикада 1300-ден астам агроқұрылым ақбасты өсірумен айналысты, оған деген сұраныстың жоғарылығын осыдан-ақ байқауға болады.
Өкінішке қарай, бүгінде отандық мал шаруашылығының брендіне, мақтанышына айналған асыл тұқымды сиыр саны өте аз. Қазір қолда бары 271 мың бас қана, 2017 жылы сатылған асыл тұқымды ақбас сиыр саны 34 мың 746 басқа жетіпті. Демек табиғи жайылымдарда семіру, тірідей салмақ қосу қабілеті өте жоғары, басқа тұқымдармен салыстырғанда, жерімізге бейімделгіш қасиетінің мығым екендігі әбден дәлелденген қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын көбейтуге көңіл бөлетін уақыт келді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/