Астролог Наурызды қалай дұрыс қарсы алу керек екенін айтты

0

АСТАНА, 22 наурыз — Sputnik. Астролог Ирина Әбдірайымованың пікірінше, Наурыз мейрамында қарсы алу үшін дұрыс дайындық жасаудың маңызы зор, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Наурыз – көктемнің жаңару кезеңі. Бұл уақытты бұрын жұлдызнамашылар алдын ала болжап отырған, ал қазіргі астрологтар, тіпті оның келетін соңғы минутына дейін белгілеп бере алады.

Мысалы, биыл Наурыз мерекесі Астана уақытымен 21 наурызда 03:58-де Жер бетіне «аяқ басыпты».

Ежелде Наурызды қарсы алу үшін қандай ырымдар жасалған?

Әбдірайымова бұрын дәстүр бойынша мерекеге бірнеше апта қалғанда адамдар бидайдың, жарманың, бұршақтың дәнін ыдыстағы топыраққа салып, су құйып отырғызғанын айтады.  Жаңадан өсіп шыққан жасылды олар дастарқанға қойған. Бұл көктемнің символы, жаңа өмір мен жаңа жылдың туғанын білдіреді екен.

«Наурыз мейрамы қарсаңында жасаған күнәларың үшін кешірім сұрап, араздасқан адамдармен достасып, қарызын бере алмай жүрген пендені кешіріп жатады. Өйткені Наурыз ойын жаманнан, жүрегін ауыртпалықтан тазартқан, үй-іші де мұнтаздай адамға бақ-дәулет әкеледі делінген. Адамның бой-ой тазалығы жақсы энергияны қабылдауға бейім болады деп сенген», — дейді ол.

Наурыз мейрамы қарсаңында ақ сақалды, ақ киімді Қыдыр ата үй-үйді аралап, бақыт, қуаныш, береке сыйлайды деген аңыз бар. Ол кісіні күтіп алу үшін әр үй қонақ күтетін бөлмесі жарық болуын қадағалаған.

Наурызға қалай дайындалу керек?

Бір сөзбен айтқанда, үйіңіздің іші-сыртына сенбілік жүргізіп, мұнтаздай ету керек.

«Кір қалмауы керек. Кір киімдерді жуу қажет. Су бәрін ағызып кетеді. Наурызға бір апта қалғанда марқұм болған жандарды еске алып, ата-бабаға тағзым жасау маңызды. Аруақтарға дұға бағыштап, Аллаға сыйынып, келе жатқан жаңа жылдан жақсы тілектер сұрау керек», — деп кеңес берді Әбдірайымова.

Жаңа жылға дайындық кезде ежелгі ырым-тыйымдар да жасалады. Мәселен, үйді аластау секілді.

«От жағып, адамдар одан жеті рет секіруі керек. «Менің жұпынылығымды алып, маған нұрлы сәулең мен сәттілікті сыйға тарт» деп айтады. Одан соң шеті кетілген ескі ыдысты суға толтырып, оны сындыру керек», — дейді астролог.

Ескі жылдың соңғы түнінде бір-біріңізге су шашып, ағын судан секірген дұрыс, сонда өткен жылғы күнәларыңыз кешіріледі деген ырым-сенім бар екен.

Наурызда болашақты болжауға бола ма?

Астрологтың айтуынша, Наурыз болжам жасау үшін таптырмайтын кезең.

Көбіне күйеуге тимей жүрген қыздар осы кезеңді асыға күтеді. Мысалы, Наурызда қыз бала есік алдына шығып, бәтеңкені көкке лақтырады. Егер аяқ-киімнің басы үйіне қарап түссе, әлі күйеуге тиетін уақыт келген жоқ деген сөз бұл.

Одан бөлек бір қағазға тілегіңізді жазып, оны өртеп, ағынды суға ағызып жіберуге болады.

Мейрам қарсаңында барлық ыдыс аққа толтырылады. Сонда келер жыл жаңбырлы боп, жиын-терім мол болады деп сенеді жұрт.

Наурызда дастарқанда қандай дәмнің болғаны маңызды?

Мейрамда үй-ішіндегі адамдар жаңа киімін киіп, дастарқан басына жиналады.

«Дастарқанда міндетті түрде кем дегенде жеті дәм болуы керек. Бұлар: алма, бидайдың сабағы, көк-сөк, суға тамыры малынып өсірілген дәнді өсімдіктің бір түрі. Оның бәрі көктемнің келгенін білдіреді. Әрі ол дәм Күннің құрметіне арналады, оны қабыл алған ол жұртқа өз сәулесін аямай төгіп, жыл өнімді болады деген сенім бар», — дейді Әбдірайымова.

Оның айтуынша, үстел үстіне айна қойып, отбасындағы адам санына қарай майшам жағуға болады. Оларды түгесіліп бітпейінше сөндірмеу керек.

Әрине, дастарқан мәзірі мол болуы тиіс. Сонда келер жыл молшылыққа толы болады деп саналады.

«Қазақ дастарқанында ет, бауырсақтан бөлек Наурыз мейрамында міндетті түрде Наурыз көже де тартылады. Оның құрамы жеті дәмнен тұрады:  ет, тұз, бидай, жарма, тары, су, айран немесе құрт», — дейді ол.

Наурызда қалай киініп, сәнденеді?

Мейрамда Қазақстанда тұратын халық ұлттық киімін киіп, түрлі әшекейін тағады. Қыздар шашын міндетті түрде өріп қояды. Жайылған шаш уайым-қайғыны білдіреді.

Наурызда не істеу керек?

Бұл күні адамдар бір-бірінің үйіне қонаққа барады. Мейрамымен құттықтайды,  егер араз болса, татуласады, одан соң оны қонаққа шақырады дегендей. Бастысы бұл арада да жеті саны сақталады. Наурызда адамдар кем дегенде жеті үйге бас сұғуы керек.

Қонақтан қашуға болмайды, қарыз болса бұл күні міндетті түрде сол берешектен құтылу керек.

Наурызды күндіз қарсы алады. Су маңайына жиналған қауым ағаш отырғызады. Өстіп табиғатқа алдымен тағзым жасайды.

Бітеліп қалған бұлақ, құдық болса, оның көзін ашады. Арықтарды тазалайды. Үй іші секілді сырт та, жан-жақ та адамдармен қоса тазарып, мәз-мәйрам болады. Мұның бәрі тіршілік атаулыға жақсы энергия сыйлайды.



sputniknews.kz