Астрахан облысы мен Қазақстан ыңтамақтастықты кеңейтіп жатыр
Ресейдің Астрахан облысына Қазақстаннан делегация келді. Осы сапар аясында Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Көшербаевпен кездесу өткізді.
Кездесуде тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Астрахан облысы үкіметінің баспасөз қызметі трансшекаралық ынтымақтастықты кеңейту, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту туралы хабарлады.
Игорь Бабушкин Қазақстан Астрахан облысының негізгі шетелдік серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Аймақ осы азиялық елмен тұрақты сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстар, сондай-ақ жылы достық қатынастар орнатты.
Алайда, тараптардың пікірінше, қарым-қатынасты кеңейтуге әлі де көптеген мүмкіндіктер бар. Олардың қатарына Астраханда трансшекаралық сауда орталығын құру, әр түрлі өнімдерді өзара жеткізу көлемін ұлғайту, Қазақстаннан кеме жасауға тапсырыс тарту, Каспийде жаңа круиздік маршруттар ашу жатады.
Сонымен қатар, Игорь Бабушкин облыста «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізінің дамуына көмектесетін арнайы порттық экономикалық аймақ ашу туралы айтты. Астрахан губернаторы қазақстандық тарапты осы жобаға белсенді қатысуға шақырды.
Бұған жауап ретінде Ермек Көшербаев пандемиямен күресте көрсеткен көмегі үшін Игорь Бабушкинге ризашылығын білдірді. Ол Астрахан облысы Қазақстанға дәрі-дәрмек пен қорғаныс құралдарын ғана емес, тәжірибелі дәрігерлерді де жіберіп, алғашқы болып көмек көрсеткенін атап өтті.
Керімсал Жұбатқанов