Астаналықтардың тұрғын үй қорына қарызы 5 млн теңгеге жеткен
Фото: ашық дереккөзден
Астана, BAQ.KZ. Тұрғын үй қорынан баспанаға ие болған астаналықтардың пәтерді жалдау ақысы бойынша қарызы 5 млн теңгеге жетті. Бұл туралы Елорда Инфо Астана қаласының Тұрғын үй қорының директоры Нұрсұлу Қожахметоваға сілтеме жасап хабарлады.
Оның айтуынша, Астанада мұқтаж ретінде баспаналы болған азаматтар пәтердің жалдау ақысын уақытылы төлемейді.
«Тамыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін жүргізілген инвентаризация мен мониторинг нәтижесінде баспаналы болғандар пәтердің жалдау ақысын уақытылы төлемей отырғанын анықтадық. Баспананы жалдау бойынша қарыз 5 млн теңгеге жетті», — деді спикер.
Бүгінгі күні бұл қарыздың 1,9 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.
«Орта есеппен алсақ, пәтердің ай сайынғы жалдау құны 10-12 мың теңгені құрайды. Бұл қолжетімді баға деп ойлаймыз. Сол себепті, кезекпен баспаналы болған азаматтарды пәтердің жалдау ақысын уақытылы төлеп отыруға шақырамыз», — деп қосты Нұрсұлу Қожахметова.
Елорда бойынша 65 пәтердің иесі жалдау ақысын уақытылы төлемегені туралы ескерту алды.
«Біздің бухгалтерлер күн сайын төлемдердің бюджетке түсуіне мониторинг жасап отырады. Олар пәтерлердің тізімі мен бюджетке түскен төлемдерді көреді. Егер белгілі бір пәтер иесі баспананың жалдау құнын бірнеше ай төлемегенін көрсе, ол ақпаратты мониторинг бөлімінің мамандарына береді. Ал мониторинг бөлімнің қызметкерлері сол үйге барып, пәтер иесіне төлем жасау керектігін ескертеді. Ал ескертуден соң төлемесе біз ол адамды пәтерден шығару туралы сотқа жүгінеміз», — деді Тұрғын үй қорының директоры.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ